Қарттар үйінің тағы бір тұрғыны вирустан қайтыс болды

0
70
Photo: apostrophe.ua

Ақмола облысы Целиноград ауданы Аққайың ауылындағы “Шапағат” қарттар үйінің коронавирус жұқтырған 1936 жылғы тұрғыны қайтыс болды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Марқұм 5 сәуірден бастап Көкшетау қаласы теміржол ауруханасының провизор станционарда карантинде болған. 9 сәуірде Ақмола облысы туберкулезге қарсы диспансерге жатқызылып, жасанды демалу аппаратына қосылған. Оған пневмония диагнозы қойылған. Марқұм бұрын артериальды гипертензия, өкпе және жүрек ауруымен есепте тұрған.

Ақмола облысындағы “Шапағат” қарттар үйінде 2 сәуірде 73 жастағы ер адам, 6 сәуірде 91 жастағы әйел адам қайтыс болған.

Осылайша, Қазақстанда COVID-19 дертінен 12 адам қайтыс болды. 13 сәуірде Шығыс Қазақстан облысында 49 жастағы әйел адам көз жұмған. ШҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, әйел адам 12 сәуірде ауыр жағдайда провизор стационарына жеткізіліп, интенсивті терапия палатасына жатқызылып, жасанды демалу аппаратына қосылған. Науқаста COVID-19 дертінен бөлек, “екіжақты пневмония, плеврит және алкогольдан уланғаны” анықталған.

“Түнде екі рет жүрегі тоқтап, дәрігерлер жүрек соғысын қалпына келтірді. Бірақ үшінші рет тоқтағанда ем-дом шараларынан нәтиже шықпады” деді ШҚО денсаулық сақтау басқармасының бастысы Ілияс Мұқамеджан.

Қазір ШҚО облысында қайтыс болған марқұммен байланыста болған 13 адам оқшауланған.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 13 сәуір 14:30-дағы мәліметі бойынша, елде тағы алты адамнан коронавирус табылды: төртеуі Нұр-Сұлтанда, ал ШҚО мен СҚО-да бір-бір адам.

Қазір елде 979 адамға жұқты. 110 науқас дерттен айықты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз