Шымкентке келетін туристер саны 30 пайызға өскен

0
93
Шымкент қаласы.

Шымкент қаласына келетін туристер саны 30 пайызға өскен. Бұл туралы қалалық туризм басқармасының басшысы Тұрар Ахметов айтты.

Өткен жылы Шымкент шаһарын көруге шет мемлекеттерден 178 мың турист келген. Бұл көрсеткіш алдыңғы 2017 жылмен салыстырғанда 30 пайызға жоғары.

Шымкент бүгінде туристерді өзіне қарата алатындай келбетке ие. “Мұнда табан тірегендер оңтүстіктің қонақжайлығына тамсанады”, – дейді туризм басқармасының мамандары.

Қонақтарға әсіресе жылы климат, тарихи өлкетану орындары, шығыстық үлгідегі тамақтану орталықтары мен қазақтың ұлттық тағамдары басты ерекшелік саналады. Сондықтан да қала әкімдігі туризмді дамыту үшін көктемде “Сейіл Қошқарата” мен қызғалдақтар фестивалін өткізуді қолға алып келеді. Мұндай шараларға әлемнің бірнеше елінен қонақтар келіп қатысқан.

“Алда қалада туризм инфрақұрылымын дамыту бойынша бірнеше жоспарлар бар”, – дейді мамандар.

“Шымкентте биылғы жылы әуежайдың жаңа терминалы бой көтеруде. Сондай-ақ теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан өткізілмек. Бұдан бөлек бірнеше ірі инфрақұрылымдық жоба бар. Мәселен, футбол стадионы жаңартылса, алғаш рет Конгресс орталығы салынуда. Біз шаһардың “Ескі қалашық” секілді орнын туристік нысан ретінде қарастырып, оған көп көңіл бөлудеміз. Алдағы уақытта осы жерлерге шетелдіктер көптеп келетін болса, туризмді дамытудың бір жоспары іске асқаны деп білеміз”, – деді қалалық туризм басқармасының басшысы Тұрар Ахметов.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз