Таразда “оқушы зорлау” ісі бойынша үкім шықты: айыпталушы 25 жылға сотталды

0
78

24 қаңтар күні Таразда Жамбыл облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында “мектеп дәретханасында оқушыны зорлады” деп айыпталған тұрғынға үкім оқылды. Бұл туралы Жамбыл облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Судья Кенжеғали Кенжебеков 38 жастағы азаматты 25 жыл бас бостандығынан айырып, оған химиялық кастрация жасауды үкім етті. Бұған қоса сот айыпталушыны жәбірленуші жаққа моральдық шығын ретінде 5 миллион теңге төлеуге міндеттеді.

Кәмелетке толмаған баланы зорлау бойынша тергеу ісі Қылмыстық кодекстің 120 (“Зорлау”) және 121-баптарының 4-тармағы (“Жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық”) бойынша жүргізілген. Соттың баспасөз қызметінің айтуынша, айыпталушы кінәсін толық мойындаған. Бұл іс бойынша сот қаңтар айының ортасында басталған.

Жәбірленушінің кәмелетке толмағанын ескергендіктен сот процесі жабық өтті.

2019 жылдың 15 қарашасында Тараздағы мектеп ауласындағы дәретханада мектеп оқушысының зорланғаны туралы ақпарат тарады. Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевтің мәліметінше, “күдікті көп ұзамай тұтқындалып, кінәсін мойнына алған”. Жәбірленуші күдіктіні таныған. Полицейлер видеокамерадағы бейнежазбаның көмегімен күдіктіні тұтқындағанын айтқан.

Осы оқиғадан кейін облыстағы лауазымды қызметте отырған бірнеше басшы қызметтен кеткен. Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев, білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова, қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбәрак Жинақбаева және оқиға болған мектеп директоры орнынан кетіп, облыс басшысы Асқар Мырзахметовке ескерту берілген.

Химиялық кастрация туралы

Қылмыстық кодекске сәйкес, химиялық кастрация “кәмелетке толмағандарды зорлады” деген айып тағылып, қылмысы дәлелденген 18 жастан асқан тұтқындарға қолданылады.

Қазақстанда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап химиялық кастрация жасау туралы заң күшіне енген.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз