2018 – жаһан жадында

0
135
дереккөзден

2018 жыл да мәреге табан тіреп, өткен күнге  жылыстап бара жатыр. Өз еншісін алып кеткенімен, бергені де мол болды. 2018 жаһан жадында немен есте қалып, тарихты қалай жазып кетті? Көрелік.

Төртеу түгел болса…

 

South Korean President Moon Jae-in and North Korean leader Kim Jong Un meet in the truce village of Panmunjom inside the demilitarized zone separating the two Koreas, South Korea, April 27, 2018. Korea Summit Press Pool/Pool via Reuters

Ширек ғасырдан астам уақыт бір-бірімен дипломатиялық қатынастарын үзген Оңтүстік және Солтүстік Корея үшін 2018 жыл жылы басталды. 9 қаңтар Пхамунджом шекара бекетінде Оңтүстік Корея мен Корей Халық Демократиялық Республикасы (КХДР) арасындағы қарым-қатынастарды қалыптастыру мақсатында екі жақты келісім сөздер басталды. Солтүстік Корея басшысы 27 сәуір жұма күні таңертең корейаралық шекараны кесіп өтті. Бұл 1953 жылы коорейаралық соғыс аяқталғаннан кейінгі (корейаралық қақтығыстың аяқталғандығы туралы ресми түрде жарияланбаған) КХДР президентінің Оңтүстік Корея шекарасынан алғаш рет енуі. Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин Пханмунджом демилитаризацияланған келіссөздер пунктінде КХДР президентін күтіп алды. Ким Чен Ын Оңтүстік Корея басшысымен кездесуін жаңа тарихтың, әлемдегі жаңа дәуірдің басталғанын мәлімдеді.Қос Корея басшылары татулықтың белгісі ретінде қол ұстасып Солтүстік Кореяға кейін қайта Оңтүстік Корея шекарасына өтті.Қос Корея басшылары Пханмунджом демилитаризацияланған аймақта өткен келіссөздерде ядролық полигондарды жабу туралы уағдаластыққа қол жеткізді. 21 сәуірде КХДР көшбасшысы Ким Чен Ын елдің солтүстігіндегі ядролық полигонның жабылғанын сондай-ақ, зымыран және ядролық сынақтардың тоқтатылғаны туралы жариялады. Ал 25 мамырда Солтүстік Корея Пхунгери аймағындағы ядролық полигонын толықтай жойғандарын хабарлады.

 

“Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ”

Қытай, Иран, Ресей жыл бойы АҚШ саясатына табанды түрде қарсылық танытты, әлбетте әр мемлекеттің көздегені өз мүддесі мен өз қызығушылығы. Бұл тұрғыда АҚШ басшысы Трамптың жыл бойы саясат сахнасында еркін көсілуі, қысаң мінез танытуы жаһандық саяси аренада дүмпу тудырып, Ақ үй басшысы әлемдік БАҚ-тың алдын бермеді.

АҚШ vs Қытай

Наурыз айының соңында АҚШ президенті Дональд Трамп «Қытайдың экономикалық агрессиясына қарсы күрес» меморандумына қол қойды. Аталған меморандум Қытайда өндірілетін тауарлар мен өнімдерге шектеу қояды. Трамптың айтуынша, бұл бастама Бейжіңге 60 миллиард доллар көлемінде бағаланбақ. АҚШ президентінің жарлығына сәйкес, болатқа импорттық баж салығы 25 пайызға, алюминиге 10 пайызға енгізілді.

дереккөзден

1 сәуірде Қытай өз қызығушылықтарын сақтау және шығын көлеміне өтемақы мақсатында 128 АҚШ тауарына салық енгізді. Сауда қақтығысы жыл бойы жалғасып отырды. Бірде аспан асты елі қарымта қайтарса, Құрама Штаттар да қарап қалмады. Дегенмен, осы жылдың желтоқсанында Аргентинада өткен G20 саммиті алаңында Трамп пен Цзиньпин кездесіп, сауда қақтығысын тоқтату туралы уақытша мәмілеге қол жеткізді. Екі мемлекет Қытайдың жалпы құны 200 миллиард АҚШ долларына дейінгі өнімдеріне қойылатын тарифті 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұрынғы 10 пайыздан артық (25 пайыздық) кедендік салық енгізілмейтінін, есесіне Қытай көп мөлшердегі Америка өнімдерін, соның ішінде ауылшаруашылық өнімдерін дереу сатып алу туралы мәмілеге қол жеткізді. Қос тарап алдағы 90 күн ішінде өзара келісімді бітіруге тырысатынын білдірді. Алайда осы кезең ішінде келісімге келе алмаса, онда 90 күннен кейін 10% -тік кеден салығы 25% -ға дейін ұлғаятын болды.

Текетірес: Трамп vs Роухани
дереккөзден

“Ең нашар мәміле”.. Бұл Трамптың Барак Обама тұсында Иранмен атом бомбасына қатысты жасалған келісімшартқа берген бағасы. Иран және алпауыт “алтылық” (Ресей, АҚШ, Британия, Қытай, Франция, Германия) 2015 жылы Иранның ядролық қаруын шектеу бойынша мәмілеге қол жеткізді.  Бірлескен іс-қимыл жоспары Тегеранның ядролық қаруды жасап шығару мүмкіндігін шектейді, өз кезегінде Иранға АҚШ пен Еуроодақ тарапынан енгізілген санкциялар алынып тасталған еді. Дегенмен, осы жылы Трамп аталған мәмілені тәрк ететінін мәлімдеп, Иранға қарсы санкцияларды қайта қалпына келтірді. Шектеу шаралары күшіне енгеннен кейін Тегераннан маза қашып, Трамп пен Роуханидің мінбердегі текетіресі басталды. Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Роухани Тегеран АҚШ санкциялары салдарынан туындаған кедергілерді жеңеді деп мәлімдеді. АҚШ президенті Дональд Трамп БҰҰ Бас ассамблеясының 73-ші сессиясында Иран басшылығын Таяу Шығыстағы тұрақсыздық, дүрдараздық пен өлім-жітімде айыптады. “Иран басшылары хаос, өлім және тұрақсыздық тудыруда”, – деп мәлімдеді Трамп.

БҰҰ сессиясында сөз алған Трамп Иран басшыларын өз көршілерін, өзгенің шекарасы мен топырақ бүтіндігін сыйламайды, деп айыптады. “Керісінше, ирандық басшылар елдегі қорды өз мүдделері үшін қолды етіп, Таяу Шығыс пен оның маңындағы аймақтарда дүрдараздықтың көрігін қыздырып отыр  “, – деп мәлімдеді.

Тамызда Вашингтон Иран тарапынан сатылатын алтын, өзге де құнды металдарға, сондай-ақ автокөліктерге салынған санкциялар мерзімін ұзартты.

Өз кезегінде Иран басшысы Роухани де Трампқа қарымта қайтарды. Роухани АҚШ-тың Иранға жасаған саясаты әу бастан қате деп мәлімдеді. Вашингтонның иран халқының ұмтылыстарын жүзеге асыруға кедергі келтіргісі келген мақсатының күлі көкке ұшқанын мәлімдеген Роухани Иранмен достық қарым-қатынас жақсы нәтиже беретінін алға тартты. Оған мысал ретінде Роухани Тегеранның лаңкестікпен күресте өзге де мемлекеттермен ынтымақтастығын атап өтті.

АҚШ vs Ресей
дереккөзден

Жыл бойы АҚШ пен Ресей арасында  ширыққан қатынас орнады. Жыл басында АҚШ Ресейге қарсы жаңа санкциялар қабылдап, бірнеше орыс кәсіпкерлерге шектеу шаралары енгізілді. Өз кезегінде Ресейдің мемлекеттік Думасы салынған санкцияларға жауап ретінде америкалық тауарларды ел аумағынан шектеу туралы заң жобасын енгізді. Ресей наурызда 60 америкалық дипломатты еліне қайтарып, Петербургтегі Америка Құрама Штаттары (АҚШ) бас елшілігінің жұмыс келісімін қайтарып берді. АҚШ-тың Ресейге қарсы шектеу шаралары Қырымды Ресейдің аннексиялауына қатысты салынған еді. Осы жылдың шілдесінде Трамп пен Путин Хельсиникиде тарихи кездесу жасады. Екі мемлекет арасындағы мәселелердің түйіні шешілгендей, қос тарап шиеленіскен қатынастың қабағын жазғандай көрінгенмен, қарашада Трамп Путинмен Керчендегі жағдайға байланысты кездесіп, келіссөздер жүргізуден бас тартты. Мәселе тағы да Украинадағы жағдайға барып тірелді. Трамп Ресей Украинаға кемелер мен теңізшілерді қайтарып берсе ғана, Путинмен кездесетінін алға тартты.

Жеңіс Францияда
Reuters

2018-дің ең трендтегі оқиғасы – Ресейде футболдан өткен Әлем чемпионаты. 14 маусымнан 15 шілде аралығында Ресейдің 11 қаласында өткен чемпионат жаһан назарын өзіне аударды. 15 шілдеде мәресіне жеткен додада Франция осымен екінші рет жеңіс тұғырынан көрінді. Барша жаһанда резонанс тудырған бұл ойын 4:2 есебімен француздардың еншісіне шешілді. 15 шілде Мәскеудің “Лужники” алаңында өткен француздар мен хорваттар арасындағы тартысты ойынды VIP алаңда қос мемлекет басшысы Эммануель Макрон мен Колинда Грабар-Китаровичтан өзге саяси фигуранттар да тамашалады. Отандастарының жеңіске жеткен сәтінде Франция басшысы Эммануель Макрон қуанышын жасырмады.

Reuters

Нәтиже бойынша, хорваттық футболшы Лука Модрич “Алтын доп” иегері атанса, француз Мбаппе 2018 жылы футболдан Әлем чемпионатының үздік жас футболшысы атағына ие болды. Кезекті футболдан Әлем чемпионатының еншісі – Катарда.

Саудиядан серпін
дереккөзден

Бұл жылы Араб түбегінен де әлеует байқалды. Бұған дейін консерватист мемлекет ұстанымын танытқан Сауд Арабиясы бірнеше ашықтыққа құрылған шешімдерімен  жаһан назарын өзіне аударды. Біріншіден, сәуір айында Саудия тарихында 35 жыл тыйымнан кейін алғашқы кинотеатр ашылды.Ашылған кинотеатрлардың өзге қоғамдық орындардан ерекшелігі, ерлерге және әйелдерге арналған деп бөлінбеуінде.Ел билігі 2017 жылы кинотеатрларға салынған тыйымның жойылатынын хабарлады. Осылайша, билік ел экономикасының дамуына серпін бермек.Екіншіден, саудиялық әйел азаматтарға көлік тізгіндеуге рұқсат етілді. Бұл жылы Сауд Арабиясы әйелдерге қатысты жаңа ашық заң жобаларын қабылдады. Тек көлік тізгіндеу ғана емес, сондай-ақ, бұл жылы Эр-Риядта тұңғыш рет әйелдердің сән үлгісі көрсетілімінің апталығы өтті. Дегенмен, жабық режимде, сән көрсетілімін тек әйелдер ғана көре алады. Тұңғыш рет “нәзік жанды” мемлекеттік телеарна эфирінде жаңалықтар тізгіншісі болды. Мұндай оң серпінді жаңалықтарымен танылып келе жатқан Сауд Корольдігі оппозициялық журналист Жамал Хашыкжы өлтірілгенінен кейін шартарапта дау-дамайдың ортасына түсті. Журналисті АҚШ Сенаты мұрагер ханзада Мұхаммед бен Салман өлтіртті десе, сауд билігі мұны жоққа шығарды. Әлқиссасын айта кетсек.

дереккөзден

АҚШ-та тұрған 59 жастағы Washington Post басылымының сарапшысы Жамал Хашыкжы 2 қазанда қалыңдығымен некеге тұру үшін бірқатар құжаттарды реттеу мақсатымен Сауд Арабиясының Түркиядағы елшілігіне бас сұққаннан кейін жоғалып кетті. Ал 19 қазанда Сауд Арабиясы журналистің қасақана өлтірілгенін мойындады. Ресми Эр-Рияд берген ақпарға сәйкес, елшілікте “төбелес” болып, салдарынан Хашыкжы қаза тапқан. Алайда бұған дейін түрік және АҚШ басылымдары Хашыкжы қасақана өлтірілді деген ақпар таратқан еді. Журналист өлтірілсе де, АҚШ өлтіргендерге қатысты қатаң шара қабылдайтындарын, бірақ Сауд Корольдігімен дипломатиялық қатынасқа сызат түспейтіндігін Ақ үй басшысы Трамп мәлім етті. Өз кезегінде Сауд Корольдігі шетелдік салымшылардың (инвесторлар) мемлекет аумағын тәрк етпеуін сұрады. Корольдікті сыртқы істер министрі Әдел әл-Жубейр шетелдік салымшыларды Саудия аумағында керемет мүмкіндіктер күтіп тұрғанын айтып сендірді.

Тізгінді бермеді
дереккөзден

2017-де Трамптың билікке келуі талай саяси жайттардың бастауы болған еді. 2018-де Путин мен Ердоған қайтадан ел президенттері болып сайланып, лауазымдарын бірнеше жылға нықтады.

Осы жылдың мамырында Ресей Федерациясында президент сайлауы өтіп, 56,4 млн сайлаушының қолдауына ие болған Владимир Путин осымен төртінші рет Ресей басшысы болып сайланды.

Осы жылдың маусымында Түркия Республикасында кезектен тыс президент сайлауы өтті. Ресми мәліметке сәйкес, Түркия халқының 87% қатысқан кезектен тыс президенттік сайлауда қазіргі мемлекет басшысы Режеп Тайып Ердоған сайлаушылардың 52,5% дауысын иемденіп жеңіске жетті. Осымен Ердоған президент сайлауында екінші рет жеңіс тұғырынан көрінді.

20 мамыр Венесуэлада президент сайлауы өтті. Бірнеше сағаттан кейін Орталық сайлау комиссиясы биліктегі президент Николас Мадуроның 5,8 миллион дауыс жинап жеңіске жеткендігін хабарлады.

Осы жылдың наурызында Мысыр президенті Әбдел Фатах ас-Сиси 92 пайыз дауыс жинап, қайтадан Мысыр президенті болып сайланды.

Қаңтарда Финляндия президенті Саули Ниинистё сайлауда жеңіске жетіп, қайтадан Финляндия басшысы болып сайланды.

Ал Германия Федеративті Республикасының канцлері Ангела Меркель 2021 жылы канцлерлік мансабын аяқтайтыны туралы мәлімдеме жасады. Меркель өз шешімін ХДО-ның Гессен федералдық жерінің парламентіне өткен сайлау қорытындысымен байланыстырады. Онда партия небәрі 27 пайыз дауыс жинаған еді.

Ақ үй мен Кремль басшысының тарихи кездесуі
дереккөзден

Бұл жыл әлемдік саясат сардарларының қызықты кездесулеріне толы болды. Мұнын бастысы – АҚШ пен Ресей басшыларының тарихи кездесуі еді. Шілдеде Трамп пен Путин Хельсинкиде кездесіп, күн тәртібінде тұрған басты мәселелерді талқыға салды. Бұл АҚШ пен Ресей басшыларының соңғы 9 жылдағы алғашқы кездесуі. Трамп бұл кездесуден кейін Ресеймен арадағы суық қатынас жойылып, әлеуетке үміт етсе, Путин қос мемлекет арасындағы жағдайдың бет алысының “жақсарғанын” атап өтті. Күн тәртібінде -ядролық қарудың таралуы, соғыс пен бейбітшілік, экономика, Сирия мен Украина жайы талқыға салынды.АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путинмен кезекті екіжақты кездесуді АҚШ-та өткен президент сайлауына “Ресейдің ықтимал араласуына” қатысты тергеу ісі аяқталғаннан кейін 2019 жылы өткізуге ниетті екенін жеткізді.

Трамп пен Ким кездесті

12 маусым Сингапурда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның көптен күткен тарихи кездесуі өтті.Екі ел басшысы Сингапурдағы Капелла қонақ үйіне келген бетте бір-біріне сәлем беріп, қол алысып, суретке түсіп, 40 минуттан аса уақыт бойы жеке әңгімелесті.Басқосудан кейін қос мемлекеттің кеңейтілген құрамдағы отырысы басталды.Трамп пен Кимның арасындағы келіссөздерден кейін Ақ үй басшысы кездесудің сәтті өтуіне сенім білдіре отырып, «Біз алдағы уақытта жақсы қарым-қатынастарға ие боламыз»,- деді.

“Еуропа өзін-өзі өлтірді”

Бірінші дүниежүзілік соғысқа нүкте қойған Компьен мәмілесіне 1918 жылдың 10 қарашасында қол жеткізілген еді. 2018 жылы аталған мәмілеге тура ғасыр толады. Бейбітшілік келісімі жасалған аймақ Францияға11 қарашада  атаулы күнге 100 жыл толуына орай жаһан лидерлері жиналды.Салтанат сарайында көп назар Макронға ауды. Қалған ел басшыларының атаулы шараға қатысуының өзі жеткілікті еді.Салтанатта сөз алған тек Франция басшысы – Макрон. Макрон өз сөзінде Бірінші дүниежүзілік соғыс тудырған зардаптарды алға тартып, көз жұмған он миллион жауынгерді, үш миллион жесір мен алты миллион жетімдерді ойға алды.Макрон соғыстан кейін Францияның ауыл-аймағында тірі адам қалмағанын айтты. “Еуропа өзін-өзі өлтірді”, – деді Макрон. Жиында Путин Трамппен “қалыпты сұхбат” жүргізсе, арнайы бейбітшілік форумые Германия канцлері Меркель ашты.Атаулы шараға әлемнің 60 елінен келген мемлекет және үкімет басшылары, халықаралық ұйым өкілдері қатысты.

Алпауыттар алаңы
Reuters

1 желтоқсанда Буэнос-Айресте “G-20-лықтың” саммиті өтті.Саммит аясында Аргентина президенті Маурисио Макри Британия үкіметінің басшысымен соңғы 1982 жылдан алғаш рет кездесті.Саммит барысында Британия Корольдігінің премьер-министрі Тереза Мэй АҚШ басшысы Трамппен кездесті. Өз кезегінде Франция басшысы Макрон климаттық өзгерістермен күресті жалғастырып, жаһандық жылынуға қарсы Париж келісімінің мүддесін қорғады. Күн тәртібіндегі басты оқиға Трамп пен Си Цзиньпиннің кездесуі болды. Трамп пен Цзиньпин G20 саммиті алаңында сауда қақтығысын тоқтату туралы уақытша мәмілеге қол жеткізді. Бұған дейін АҚШ пен Қытай бір-біріне шектеу шаралары арқылы сес көрсетіп, қарымта қайтарып отырған еді.

Ай тұтылды
Astana, Kazakhstan

Осы жылы соңғы жүз жылда Айдың ең ұзақ тұтылу құбылысы болды.Ғарыштық көріністі Еуропа, Азия, Аустралия және Оңтүстік Америка тұрғындары бақылаған.Айдың тұтылуы Антарктида да көрінген, дегенмен, Сібірдің солтүстік бөлігі мен Солтүстік Америкада бұл табиғи құбылыс байқалмаған. Бұл жолы Ай Жердің көлеңкесінде 43 минут тұрды, ал жалпы тұтылу уақыты шамамен төрт сағатқа созылды.

Апат айтып келмейді
дереккөзден

 18 қаңтарда Қазақстандағы Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында «Икарус» маркалы жолаушылар автобусы өртке оранып, салдарынан 52 Өзбекстан азаматы көз жұмды.

15 қаңтарда АҚШ-тың Калифорния штатында болған көшкін және су тасқыны салдарынан 20-дан астам адам бақилық болды.

18 ақпанда Иранда жолаушылар көлігі апатқа ұшырап, бортта болған 66 адам қаза тапты.

12 наурыз Непалда болған әуе апаты салдарынан кем дегенде 50 адам қаза тапты.

Сәуірде Алжирде әскери ұшақ апатқа ұшырап, бортта болған 257 адам көз жұмды.

19 мамырда Кубада болған әуе апатынан 110 адам қаза тапты.

25 наурызда Ресейдің Сібір федерал округіне қарасты Кемерово облысында алапат өрт шығып, 64 адамның (оның 41-і бала) өмірін жалмады.

Шілдеде Жапонияның батысында нөсер жаңбырдың арты сұрапыл су тасқыны мен көшкінге ұласып, 126 адам қаза тапты.

Қыркүйекте Танзанияда жолаушылар мінген кеме апатқа ұшырап, кем дегенде 44 адам көз жұмды.

Қазанда Индонезияда 7,4 баллдық жер сілкінісі мен цунамиден соңғы ақпар бойынша 2000-ға жуық адам қаза тауып, 5000-ға жуық тұрғын із-түзсіз жоғалып кеткен.

Қарашада АҚШ-тың Калифорния штаты тарихындағы ең қауіпті өрт шығып, 80-нен астам адам көз жұмды.

2018 осындай атаулы жайттармен есте қалды, санаулы күндерден кейін жаңа 2019 жыл табан тірейді. Уақыт өтеді әсте, 2019-дың жұмыр жерге берер еншісі де бар болар.

 

Safina Said

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз