Иранда билікті қолдайтын шерулер ұйымдастырылуда

0
164

Бүгін Иранда наразылық шерулерінің алтыншы күнінен кейін үкіметті қолдайтын шерулер ұйымдастырылуда. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлайды.

Өткен бейсенбіден бері жалғасып жатқан наразылық шерулерінің тарқамауына байланысты Иран билігі бірнеше ірі қалада мыңдаған адамның қатысуымен елдің саяси курсын қолдайтын шерулер ұйымдастыруға көшті.

Мемлекеттік телеарналар Керменшах, Илам және Горган секілді ірі қалаларда басталған митингілерден трансляция жасады. Тікелей эфирде Иранның жалауымен көшеге шыққан азаматтардың елдің рухани көсемі Аятолла Хаменеиді қолдап, оның есімін ұрандатқаны көрсетілді.

Кеше, сейсенбі күні, кешкілік уақытта соңғы он жылдың ең батыл қарсылық шерулері өтті. Әлеуметтік желілерде жарияланған жазба және видеоматериалдарда полицияның ереуілдеушілерге күш көрсеткені байқалды.

Осыдан бірнеше сағат бұрын Хаменеи Иран оппозициясын бейбіт келісімге келуге шақырды.

Билікті қолдаған шерулерде Хаменеиге тіреу болған демонстранттар «Тамырымызда аққан қан – көшбасшымызға сый» және «Көшбасшымызды жалғыз қалдырмаймыз!»  деп ұрандатты.

Экономикалық қиыншылықтарға деген қарсылықтан басталған наразылық митингілері күннен-күнге саяси кеңістікке өтуде. Жер-жерде ереуілдеушілер рухани көсем Хаменеидің отставкаға кетуін талап етуде.

Биылғы шерулер – 2009 жылдан кейінгі ең ірі наразылық акциясы. Осы жолы халық экономикалық жағдайдың күрт төмендеуіне наразылық танытқан болса, осыдан тоғыз жылдай бұрын Махмуд Ахмединежадтың президенттікке қайта сайлануына қарсылық танытқан болатын.

Соңғы үш-төрт күнде болған тәртіпсіздіктер нәтижесінде 21 адам қаза тапты. Мерт болғандардың арасында қауіпсіздік күштерінің екі сарбазы да бар.

Шенеуніктердің айтуы бойынша, ел астанасы Тегеранда 450-ден астам ереуілдеуші қамауға алынған. Ал басқа қалаларда жүздеген азамат ұсталған. Сот өкілдерінің мәлімдеуінше, қамауға алынғандардың бір бөлігі өлім жазасына кесілуі мүмкін.

Сәрсенбі, бүгін, билікті қолдаған шерулерде айтылған ұрандарда наразылық шерулерінде ұсталған азаматтардың асылуы керек екені айтылса, плакаттарда ереуілдеушілердің Америка, Израиль және Ұлыбританияның қолшоқпарлары екені жазылған.

Иран билігі үкіметке қарсы ұйымдастырылатын шерулердің алдын алу және ақпарат ағынын бақылауда ұстау үшін Telegram мессенджері мен Instagram желісін бұғаттады.

Ал елді ашуландырып көшеге шығарған басты факторлар арасында «сыбайлас жемқорлық» пен «бағалардың өсуі» аталды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз