Анкара «Зарраб ісінде» АҚШ-қа жалған құжаттар ұсынған

0
72

Түркияның саяси истеблишменті жақыннан бақылап отырған Нью-Йорктегі «Зарраб сот ісінде» түйіндер тарқауға шақ. Күн өткен сайын сот процесінде талай қызықтың беті ашылып жатыр.

Америка Құрама Штаттарында (АҚШ) «Зарраб ісі» ретінде басталып, кейіннен Түркияның ең ірі банктерінің бірі Halkbank-тың бас директоры орынбасары Мехмет Хакан Атиллаға қарсы жалғасқан сот ісінде кеше алқа отырысы болып өтті. Сот алқасы тағылған алты айыптаудың бесеуінен түрік банкирді кінәлі деп таныды.

Түрік тілінде ақпарат тарататын Samanyoluhaber порталының тақырыпқа қатысты дайындаған бүгінгі материалында қазіргі түрік билігінің Атилланың адвокаттары арқылы сот процесіне жалған құжаттар ұсынғаны айтылды.

Ақпарат порталы жариялаған хабарда Нью-Йорк штатының оңтүстік округі сотының алқа отырысына қатысты шешімі берілді.

Округтік соттың сайтында жарияланған шешімде «Атилла секілді, АҚШ-тың Қазына департаменті өкілдеріне – АҚШ қойған санкциялар тасасында Иран мұнайынан миллиардтаған долларды жасырын өткізіп – бірнеше рет өтірік айтқан не қолдан құжат (фабрикация) жасаған болсаңыз, салдарына дайын болыңыз» делінгені белгілі болды.

Ақпарат порталы сот шешіміндегі қолдан жасалған құжаттардың төркінінің қайдан шыққанына да тоқталды.

Порталдың бірінші жорамалы бойынша, округтік соттың шешімінде Атилланың қорғаушыларының (Түркияның биліктегі партиясы – Әділет және даму партиясы тарапынан жалданған адвокаттар) сот процесінде түрік билігі тарапынан дайындалғаны белгілі жалған құжаттарды қолданғанын меңзеген. Екінші болжамға сәйкес, шешімде Иран эмбаргосы кезінде Атилла секілді түрік лауазымдылары тарапынан жасалған алаяқтық әрекеттер жайында сөз қозғалған.

Портал, мәселе сот процесінде келтірілген жалған құжаттар жайында болса, Атилланың адвокаттарының «Фетхулла Гүлен жазды» деп алқа назарына – кейіннен жалған екені анықталған – бір хат ұсынғанын еске салады. Атилланың адвокаттары аталмыш хаттың Нью-Йорк сотында куәгер болған полиция қызметкері Хүсейін Коркмазды, кезінде Түркияда қамауға алынғанда, босату үшін Гүлен тарапынан жазылғанын алға тартқан еді.

Хүсейін Коркмаз – Бибиси агенттігінің хабарлауынша, 2013 жылы желтоқсан айында түрік-ирандық кәсіпкер Реза Зарраб және Түркияның со кездегі төрт министріне қарсы «Үлкен пара» операциясын жүргізген полиция қызметкерлерінің бірі. 2013-тің 17-25 желтоқсанында жемқорлықпен күрес мақсатында ұйымдастырылған операциялар қазіргі Түркия президенті, со кездегі премьер-министр, Режеп Тайып Ердоғанның араласуымен тоқтатылып, қылмыстық іс қозғалмай қалған болатын.

Түркиядан АҚШ-қа көшіп кеткен Коркмаз және оның есімі аталмаған әріптестерінің «Үлкен пара» операциясында таблыған  қылмыстық істі әшкерелейтін дәлел-дәйектерді (құжат, таспаға жазылған телефон сұхбаттары) американ сотына бергені, құжат пен таспалардың түпнұсқа екені аян болды. Нью-Йорктегі сот отырысында операцияларды қарамағында сегіз қызметкермен бірге жүргізгенін атаған Коркмаз қазіргі президент Режеп Тайып Ердоғанның жемқорлықпен күрес іс-шараларында «номері бірінші» фигурант болғанын айтып берді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз