Француз журналисттен Ердоғанға қиын сауал

0
63
Turkish President Recep Tayyip Erdogan speaks during a joint press conference with the French president at the Elysee Palace in Paris, France, January 5, 2018. REUTERS/Ludovic Marin/Pool

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған өткен апта Францияға жасаған сапары барысында ыңғайсыз бір сұраққа тап болды.

Франция президенті Эммануэль Макронмен өткен кездесуден кейін ұйымдастырылған баспасөз маслихатында бір жергілікті журналист тарапынан Ердоғанға Сириядағы лаңкестерге түрік арнайы қызметтері тарапынан қару жөнелтілгені жайында сұрақ қойылды. Бұл туралы Euronews агенттігі сенбі күні хабарлады. Агенттік қойылған сұрақтың Түркия президентін ашуландырғанын жазды.

ЕРДОҒАН ФРАНЦУЗ ЖУРНАЛИСТКЕ ЖЕКІРДІ

Режеп Тайып Ердоған 2018 жылы алғаш мемлекеттік сапарын Франциядан бастады. Франция басшысы Эммануель Макронның қабылдауынан кейін қос президент баспасөз конференциясын берді.

Макронмен бірге француз журналистерінің сұрақтарына жауап берген Ердоғанды France 2 каналының журналисті Лоран Ричард (Laurent Richard) қойған сұрақ састырды.

Түркиядан Сирияға жөнелтілген қару-жарақ жайындағы сауалға абдыраған Ердоған француз журналистке жекірді.

Журналист пен Ердоған арасындағы диалог төмендегідей өрбіді.

Журналистің сұрағы: Терроризмге қарсы күресте сізге қаншалықты сенуге болады? Сирияда соғысқан (лаңкестік) топтарға қару-жарақ жібермеп пе едіңіздер? 2014 (жылдың) қаңтар айында шекарада жүк көліктері тоқтатылып*, ішінен қару-жарақ табылған еді. Бұл туралы не дейсіз?

Ердоған: Сирияға кім қару-жарақ жіберіпті?

Журналист: MİT-ке (Түркияның Ұлттық Қауіпсіздік Қызметі – ред.) тиесілі жүк көліктерден қарулар шықты.

Ердоған: Сен ФЕТО** тілімен сөйлеп тұрмысың?

Журналист: Журналист ретінде сұрап тұрмын.

Ердоған: Сен ФЕТО тілімен сөйлеп тұрсың. Ол операцияларды жасағандар (қару тиелген жүк көлігін тергегендер – ред.) ФЕТО-ның прокурорлары болатын және олар қазір түрмеде. Барлау қызметтерінің осыған ұқсас операцияларға қатысты өкілеттігі, құқықтары бар. Сен маған өйстіп сұрап тұрсың, ал АҚШ-тың Сирияға қару тиелген 4 мың жүк көлігін жібергенін неге сұрамайсың? ФЕТО тілімен сөйлемеуді үйреніңдер.

«СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ» ДЕГЕН ХЕШТЕГПЕН БӨЛІСТІ

Лоран Ричард кездесуден кейін твиттер парақшасы арқылы қойылған сұраққа қатысты пікірін білдірді. Ричард жазбасын #pressfreedom (сөз бостандығы) деген хештегпен бөлісті. Твитінде «Бүгін жай ғана Ердоғанға түрік журналистердің бұдан былай сұрауға дәттері жетпейтін сауалды қоюға тырыстым», – деді.

 

ҮКІМЕТТІК ГАЗЕТТІҢ ЖУРНАЛИСТІ ДЕ СИРИЯҒА ҚАРУ ЖӨНЕЛТІЛГЕНІН МОЙЫНДАҒАН ЕДІ

Үкіметке жақын газеттердің бірінің тұрақты жазарманы Мехмет Барлас та 2 қаңтар күні жариялаған жазбасында Сириядағы лаңкестік топтарға қару-жарақ жөнелтілгенін мойындаған болатын.

Ирандағы толқуларға қатысты жазған материалында Мехмет Барлас: «… Сондықтан Сирияда «Оппозициялық топтар» деп террор ұйымдарына көрсеткен қолдауымызбен және Асад режимін біздің ішкі мәселеміз ретінде қабылдауымыз арқылы біздің тура сол қателікті қайталап жатқанымызды ұмытпайық..» – деген болатын.

Әлеуметтік желі қолданушыларын Ердоғанның қашан Мехмет Барласты «ФЕТО тілімен сөйлеп тұрсың» деп айыптайтыны қатты толғандырып отыр. Айта кетейік, Мехмет Барлас жұмыс істейтін Sabah газеті Ердоғанның құда баласы, Берат Албайрактың туған ағасы, Серхат Албайракқа тиесілі. Ердоғанның күйеу баласы – Түркияның энергетика министрі Берат Албайрак – аталмыш медиа органының басқарма мүшесі.


*2014 жылы Сирия шекарасына жақын Хатай және Адана провинцияларында қару артылған жүк көліктері ұсталды. Тергеу жұмыстары кезінде түрік барлау қызметінің жүк көліктерімен заңсыз жолдар арқылы Сирияда үкіметке қарсы соғыс жүргізген ДАИШ және Әл-Нусра секілді лаңкестік ұйымдарға қару-жарақ жөнелтіп келгені анықталды. Қарулар Сирияда тұратын түркімен диаспорасына арналған гуманитарлық көмек күйінде жеткізіліп келген. Аталмыш оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, 2015 жылы бірнеше жоғары шеңді әскери айыпталды. Кейіннен істі жүргізген прокурорлар қызметтерінен босатылып, қамауға алынды. Ал осы қылмысты әлемге жайып салған Cumhuriyet газетінің журналистері Джан Дүндар мен Ендер Гүлге «террорлық ұйымға мүшелік» және «тыңшылық» баптары бойынша айыптар тағылып, қамауға алынды.

**ФЕТО – Түркияның қазіргі билігінің Гүлен әрекетіне (Gulen movement) берген «террор ұйымы» анықтамасы. Ердоған басшылығындағы Түркияда Фетхуллаһ Гүлен және оның ізбасарларына 15 шілде 2016 жылы болған сәтсіз төңкеріс әрекетінен кейін осындай айдар тағылды. Әлем алпауыттары (Англия, АҚШ және Еуроодақ) Гүлен әрекетінің террористік ұйым екеніне келіспейді әрі сәтсіз төңкеріс әрекетіне қатысы бар екеніне сенбейді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз