Әлем елдеріндегі еркіндік деңгейін өлшеумен айналысатын Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы дайындаған «Әлемдегі еркіндік – 2018» есебінде Қазақстан Орта Азия өңірінде Қырғызстан мен Моңғолиядан артта қалып қойды.

2017 жылды қорытындылаған ұйым мамандары «Қазақстанда халық еркіндігі әлі күнге шейін төмен деңгейде» деген баға беріп отыр.

100 балдық шкаламен есептелетін еркіндік деңгейі бойынша, Freedom House сарапшылары Қазақстандағы еркіндік дәрежесін өткен жылғыдай 22 балға тең деп бағалады. Биыл да «еркіндігі шектеулі елдер» категориясында қалдық.

Дегенмен, рейтингте еліміз Ресейдің (20 балл) алдын орады. Өзге көрші мемлекеттердегі жағдай мынадай: Өзбекстан – 7 балл, Қырғызстан – 37 балл, Қытай – 14 балл, Түркіменстан – 4 балл. Ал Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Беларусь 21 балл,  Армения 44 балл жинады. Түркі республикаларынан Әзірбайжанда 12 балл, Түркияда 32 балдық көрсеткіш болды.

Түрік елінің «еркіндігі шектеулі елдер» қатарына құлдилауы әлем жұртшылығын таңғалдырды. Сәл жоғарырақ нәтиже көрсеткен Қырғызстан «шектеулі еркіндік» категориясындағы орнын сақтаса, Моңғолия 86 балмен әдеттегідейй Орта Азия елдері ішінде «еркін елдер» қатарына енген жалғыз мемлекет болып қала берді.

Сараптама жүргізілген 195 елден 88-і «еркін ел» болып есептеледі, 58-i «шектеулі еркіндік» категориясына алынды, ал жағдайы мүшкіл деп бағамдалған 49 елге «еркіндігі шектеулі» деген «диагноз» қойылды.

Бұл тізімдегі ең төменгі сатыларда Сирия, Оңтүстік Судан мен Эритрея орналасты.

Ал, ең еркін мемлекеттер көшін Скандинав елдері: Финляндия, Норвегия және Швеция бастап тұр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз