Ауғанстанда шабуылдан ондаған адам қаза тапты

0
118
Ауғанстанның Вардак уәлаятында шабуыл жасалған кешен. 21 қаңтар 2019 жыл.

21 қаңтар күні Ауғанстанда “Талибан” қозғалысының содырлары әскери жаттығу лагеріне шабуыл жасап, кем дегенде 126 адам қаза тапты. Бұл туралы Reuters агенттігі Ауғанстан қорғаныс министрлігінің жоғары шенді шенеунігіне сілтеме жасап хабарлады. Ал ресми ақпарат бойынша, шабуылдан кем дегенде 12 адам қаза тапқан.

Шабуыл  Вардак уәлаятының әкімшілік орталығы Майданшахр қаласында болды. Жанкешті әскери базада көлігін жарып, артынша “Талибанның” үш содыры кешен қызметкерлеріне оқ жаудырған. Сол күні “Талибан” өкілдері Катарда АҚШ-тың Ауғанстандағы бітім бойынша арнайы өкілі Залмай Халилзадпен кездесіп жатқан.

“Талибан” қозғалысы Ауғанстанда 1996-2001 жылдары билік құрған. 2001 жылы оны халықаралық коалиция әскері биліктен тайдырғанымен, түпкілікті күйрете алмады. Ауғанстандағы жағдай соңғы жылдары шиеленісіп кеткен. Елде радикалды исламшылдар жиі теракт жасайды.

BBC-дің зерттеуінше, “Талибан” Ауғанстанның 70 пайызында белсенді әрекет етеді. Қозғалыс өкілдері АҚШ пен НАТО Ауғанстаннан шықса елдегі билікті қайта қолына алатынына сенімді. Ауғанстанның заңды билігі мен АҚШ сол себепті “Талибан” өкілдерін бейбіт келіссөзге қосуға дайын.

2018 жылы қазанда Мәскеуде кездесуде тәліптер делегациясының басшысы мохаммад аббас Станакзай “Талибан” бейбітшілік туралы АҚШ-пен ғана келіссөз жүргізетінін мәлімдеген. Азаттық радиосының хабарлауынша, қозғалыс Ауғанстаннан халықаралық коалиция күштерін шығаруды талап етеді және іс басындағы үкіметті заңды билік деп санамайды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз