Әлемдегі ең бай адам бопсаланғанын айтты

0
21
Джефф Безос

АҚШ-тың Amazon компаниясының иесі миллиардер Джефф Безос National Enquirer басылымының шығарушысы өзін бопсалағаны туралы мәлімдеді. Бұл туралы Азаттық сайты жазды. 

Джефф Безос жеке өміріне қатысты суреттер мен электронды хаттарды таблоид қалай қолға түсіргенін анықтауға тырысқанын, мұны білген басылым шығарушысы егер Безос тексеруін доғармаса ол туралы интимдік суреттерді жариялаймыз деп қоқан-лоқы жасағанын айтады.

Безос National Enquirer басылымын шығаратын American Media Inc. холдингі өкілдерінің оған жолдаған электронды хаттарын интернетте жариялап, әлгі суреттерде не бейнеленгенін сипаттаған.

Жақында National Enquirer басылымы 130 миллиард доллардан асатын байлық иесі Джефф Безостың көңілдесі бар екені туралы жариялаған мақаласында ол екеуінің бір-біріне жазған хаттарын келтірген еді. Безос ол хаттар басылымның қолына қалай түскенін анықтау мақсатымен жеке детектив жалдаған. Басылым мақаласы шығардан бір күн бұрын ерлі-зайыпты Безостар ажырасатынын жариялаған.

Amazon қожайынының сөзінше, оның тексеру бастағаны American Media Inc. холдингі басшысы, АҚШ президенті Дональд Трамптың командасына жақын адам саналатын Дэвид Пекердің ашуына тиген. Безос өз иелігіндегі Washington Post басылымы қасақана өлтірілген саудиялық журналист Жамал Хашогги жайлы жариялаған мақалалар да Пекердің ашуын қоздырған болуы мүмкін деген жорамал жасайды.

Джефф Безос әуелде адвокаты екеуіне “ауызша ұсыныс жасағандар өздерінде оның басқа да хаттары мен суреттері көп екенін айтты” дейді.

“Мен бопсаға көніп беріле салудың орнына жеке басыма зардабы тиіп, қорлығы өтуі ықтимал екендігіне қарамастан AMI холдингі өзіме жолдағанның барлығын жариялауды ұйғардым” деген Безос Medium сайтында жариялаған жазбасында.

Бұған дейін National Enquirer басылымы Дональд Трамппен жақын қарым-қатынаста болдым деп мәлімдеген Карен Макдугалға 150 мың доллар төлеп, оның хикаясын жариялау құқығын 2016 жылы АҚШ президенті сайлауы кезінде сатып алғаны белгілі болған еді. Бірақ ол материал жарияланбаған. Кейін әлгі ақшаны таблоид шығарушысына Дональд Трамптың жеке адвокаты бергені анықталды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз