Ұлыбритания үкіметі Brexit жобасын мақұлдады

0
96

Ұлыбритания үкіметі елдің Еуропа Одағынан (ЕО) шығуы жөніндегі келісім жобасын құптады. Бұл туралы 14 қараша күні үкімет жиынынан соң премьер-министр Тереза Мэй хабарлады. Үкіметтің арнайы жиыны бес сағат болды.

Тереза Мэйдің айтуынша, үкімет отырысында жасалған келісім Біріккен Корольдіктің ұлттық мүдделеріне толық сай келеді. Мэй 15 қараша күні парламентте мәлімдеме жасайды деп күтіліп отыр.

BBC-дің хабарлауынша, Ұлыбритания ЕО-дан қатаң шарттар қоя отырып шығуы керек деген ұстанымды қолдайтындар Консервативтік партияға премьер-министрге сенімсіздік білдіруін сұрап жүгінуі мүмкін.

Кейбір ақпараттар бойынша, Лондон мен Брюссель ЕО құрамындағы Ирландия мен Біріккен Корольдік құрамына кіретін Солтүстік Ирландия арасында берік шекара орнатуға жол бермейтін келісімге келген.

Ирландия мен Солтүстік Ирландия азаматтары еркін жүріп, сауда-саттық еркін айналу үшін шекарадан өту оңай болғанын қалайды. Алайда, Лондон Солтүстік Ирландия мен Біріккен Корольдіктің басқа аймақтары арасындағы кеден шарттары өзгеше болғанын қолдамайды.

Азаттық радиосының хабарлауынша, 14 қарашада британ үкіметіне елдің ЕО-дан шығу шарттарын бекітуге берілген мерзім аяқталады. Егер кесімді мерзімде түпкілікті келісім жасалса, онда оны Еуропа парламенті мен Ұлыбритания парламенті мақұлдауы тиіс болады. Ұлыбритания ЕО құрамынан 2019 жылы 29 наурызда түпкілікті шығады деп жоспарланып отыр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз