Сауд Арабиясынан қашқан қызға қай ел саяси баспана ұсынады?

0
57
дереккөзден/ суретте Сауд Арабиясының азаматы Рахаф әл-Кунун және Таиланд иммиграция қызметі

Аустралия билігі Сауд Арабиясынан қашқан бойжеткен Рахаф әл-Кунунға саяси баспана беру мәселесін қарастыруда. Аустралияның Денсаулық сақтау министрлігі БҰҰ босқындар ісі бойынша басқармасы комиссарына қызға саяси баспана беру туралы шешімді тез қабылдауға шақырып, шешім шыққаннан кейін әл-Кунунға тез арада виза рәсімделетінін алға тартты:

“Ешкім қыздың қиын жағдайда қалғанын қаламайды, алайда Таиландтан қауіпсіз баспана тапқаны хақ. БҰҰ оның мәлімдемесінің ақиқаттығына көз жеткізгеннен кейін тағдырына қатысты шешім қабылдайды. Біз БҰҰ-мен жұмыс жасаймыз, бірақ бұл іске ерекше қатынас танытып отырған жоқпыз”.

Euronews ақпарына сәйкес, Аустралия үкіметінің мүшелері қыздың тағдырына алаңдаушылық білдіріп, көрнекті парламентшілер оған қолдау жасады. Әл-Кунун қазір Таиландта. Қызды Кувейтке күштеп жібермек болған, алайда бұл әрекет нәтижесіз аяқталып, Таиланд билігі оған ел аумағында қалуға рұқсат етті. Бойжеткен БҰҰ келіп, өзіне көмек көрсеткенге дейін қонақ үйдің ішінде тығылып қалуына тура келген. Босқындар бойынша БҰҰ басқармасы жоғары комиссарының өкілі Бабар Баллох қыздың тағдырына қазір қауіп жоқтығын айтады:

“Бойжеткеннің қауіпсіздігіне Таиланд үкіметі жауапты. Біздің тарап оның қауіпсіз жерге орналасқанына көз жеткізді. Қыз бақылауда, бірақ оның еркін адам екендігін және жеке өміріне қол сұққымыз келмейтінін алға тартамыз. Күнде байланыстамыз”.

Таиландтың миграция қызметі Сауд Арабиясы билігімен келіссөздер өткізді. Корольдіктің уақытша сенімді өкілі Әбдулила әл-Шуаиби әл-Кунунның Twitter-дегі белсенділігіне наразылық танытқан:

“Қыз келген уақытта өзіне жаңа аккаунт ашып алған,бір күннің ішінде оқырман саны 45 мыңға көбейген. Оның құжатын емес, телефонын алып қалғандары жөн болар еді”.

Сауд Арабиясының азаматы Рахаф әл-Кунун Таиландтан Аустралияға ұшқан, қайта отырғызу болған аралықта қыздың құжатын саудиялық дипломат тартып алған. Миграциялық полиция ақпарына сәйкес, қыздың соңынан әкесі мен ағасы келген, алайда әл-Кунун кездесуден бас тартқан. Әл-Кунун туысқандарымен кездесуден қорқатынын, себебі оны Исламнан бас тартқаны үшін өлтіруі әбден мүмкін екендігін айтады. Қыздың сөзінше, елден қашпай тұрып, шашын қиып тастағаны үшін жарты жыл үй қамақта отырған. Deutche Welle агенттігінің ақпарына сәйкес, әл-Кунунды күштеп тұрмысқа бермек болған.

 

Safina Said

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз