Тбилисиде жойқын жарылыс: Төрт адам қаза тапты

0
79

16 қаңтар күні кешке Грузия астанасы Тбилиси қаласының шеткі аймағында орналасқан тоғыз қабатты үйдің алтыншы қабатында жойқын жарылыс болды. Оқиға салдарынан төрт адам қаза тапты, оның ішінде төрт жасар бала бар. Сегіз адам зардап шекті, оның алтауы бала. Бұл туралы “Sputnik Грузия” хабарлады.

Жарылыстың артынша ғимараттың бір бөлігі опырылып, өрт шыққан. Көрші үйдің де терезелері шағылған. Екі үйдің тұрғындары лезде эвакуацияланды.

Жарылыс болған көп қабатты үй.

“Имеди” телеарнасының мәліметінше, табиғи газ жарылған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, олар күні бойы газдың иісін сезген, алайда оқиға орнына келген “Казтрансгаз-Тбилиси” компаниясының мамандары ешқандай ақау таппапты.

Тбилиси төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Андре Коджаидзе жарылыстан алты қабат та бүлінгенін айтты.

Грузия ІІМ өкілдері осы іске қатысты тергеу шараларын бастады. Кінәлі адамдар 6-10 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.  Полиция “Казтрансгаз-Тбилиси” компаниясының қызметкерінен сұрау алып жатыр. ІІМ министрінің орынбасары Каха Сабанадзе тергеу барлық нұсқаны қарастыратынын мәлімдеді.

Грузия премьер-министрі Мамуки Бахтадзенің шешімімен 17 қаңтарда елде қаралы күн жарияланды.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз