Тоқаев БҰҰ дебатында не айтты?

0
100
photo: wikipedia

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте өткен БҰҰ бас Ассамблеясының 74-ші сессиясы жалпы дебатында сөз сөйледі. Өз сөзінде Тоқаев бірнеше мәселеге тоқталды.

“Қазақстан Республикасының президенті ретінде тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының биік мінберінен үндеу жолдау – мен үшін зор мәртебе. Ұйымның негізі қаланғанына келесі жылы 75 жыл толады. Бүгінде БҰҰ ғаламдық даму және өркениеттер сабақтастығын қамтамасыз етуде аса маңызды рөл атқарып келеді. Бас хатшы Антонио Гутерриштің әр адам мен мемлекет тағдырын ортақ құндылық деп тауып, назардан тыс қалдырмау идеясын Қазақстан толық қолдайды”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев сөз басында.

Қазақстан gрезиденті бұл саладағы еліміздің жетістіктерін тізіп берді. Мәселен, Қазақстан қазіргі уақытта үндістандық әріптестерімен бірге Ливанда БҰҰ-ның уақытша отрядтарын құру арқылы бітімгерлік саласына өз үлесін қосып келеді.

“Өркениеттер мен діндердің жаһандық орталығына айналған Қазақстанымызбен мақтанамыз. 2003 жылдан бері Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезін үш жыл сайын өткізіп келеді”, – деді мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысының айтуынша, ядролық қарусыз әлем құру – бұл елімнің ұлы басым бағыты. Бұл – жаппай қырғынға апаратын жол.

Тоқаев осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы бағыттағы жетістіктерін еске салды.

“Біз үлгі көрсеткіміз келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан ерікті түрде Семей ядролық полигонын жауып, ядролық арсеналдан бас тарттық. Бұл шешім – ядролық қарудан бас тарту және ядролық қаруды таратпау саласындағы жаһандық көшбасшылық бағыттағы сәтті әрі ұзақ жолдағы алғашқы қадамымыз болды. Осы асыл мұратымызға жету жолында ядролық қарудан азат Орталық Азияның айрықша аймақ болып құрылғанын атап өткім келеді”, – деді президент.

photo: @berikuali

“Таяуда Ядролық қаруға тыйым салу туралы келісім ратификацияланды. Біз барлығымыз қауіпсіз болашаққа баратын жол картасы ретінде Ядролық қарудан азат әлемді құру жөніндегі жалпыға ортақ декларацияны сенімді түрде қолдауымыз керек. Иранға қатысты бірлескен іс-қимылдың кешенді жоспары және Корей түбегін денуклеаризациялау жөніндегі ағымдағы мәселелер тараптардың мүдделері мен пікірлері ескеріле отырып, саяси жолмен шешілуі тиістігіне Қазақстан сенеді”, – деп атап өтті мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, еліміз жаһандық аренада бастапқы дипломатия мен арағайындықты қолдайды.

“1992 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті осы мінберде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін құрып, қауіпсіздік мәселелерін ұжымдасып шешу жолдарын әзірлеу алаңына айналдыруды ұсынды. Кейін аталмыш кеңес өзінің өміршеңдігі мен мақсатқа айқындығын көрсетті. Біз осы үдеріске қосылған барлық серіктестерімізге алғыс айтамыз. Азияның өсіп келе жатқан экономикалық қуаты кешенде құрлық қауіпсіздігінің архитектурасын талап етеді. АӨСШК-ні қауіпсіздік және даму саласындағы толыққанды өңірлік ұйымға айналдыратын кез келді”, – деді Тоқаев.

Таяу Шығыстағы оқиғаларды – өзара жеккөрушілік пен зорлық-зомбылықтан азап шеккен адамзат өркениетінде болып жатқан оқиғаларды үреймен бақылап отырмыз, деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, Қазақстан берік бейбітшілікке және сенімді нығайтуға негізделген екіжақты және көпжақты әрекеттерді қолдауға дайын. Қазақстан инклюзивті диалогты қолдауға жақсы мысал бола отырып, Сирияаралық келіссөздер үшін алаң ұсынады. Ол осы келіссөздің 13 раунды біздің астанада өткенін еске салды.

Тоқаев терроризмге қарсы шара ретінде Қазақстан 2045 жылы БҰҰ-ның 100 жылдығына орай терроризмнен азат әлемге қол жеткізу үшін Мінез-құлық кодексін ұсынғанын атап өтіп, барлығын осы процеске қосылуға шақырды.

“Биыл Қазақстан халықаралық серіктестермен бірлесіп, “Жусан” арнайы гуманитарлық миссиясын сәтті аяқтады. Нәтижесінде терроризм насихатына алданған 595 Қазақстан азаматы, оның ішінде 406 бала Сириядағы соғыс аймақтарынан үйлеріне оралды”, – деп қосты ол.

Сөз соңында Мемлекет басшысы қазақстандық тәжірибені басқа елдермен бөлісуге дайын екенін білдірді және барлығын осындай шаралар қабылдауға шақырды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз