Астаналық жас ғалымдар Жәутіков олимпиадасынан олжалы оралды

0
280
Олимпиададан 5 қола медальмен оралған Астана РФММ мектебінің оқушылары

10-14 қаңтар Алматы қаласында Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өткен болатын. Әлемнің 18 елінен 538 оқушы қатысқан жарыста қазақстандық оқушылар 75 медальмен үздік шықты. Аталмыш олимпиададан Астана қаласындағы РФММ мектебі де олжалы оралды. Жүлделі қайтқан оқушылармен әңгімелесудің сәті түскен еді.

РФММ мектебінің 10 сынып оқушысы Айдын Ардабек.

Олимпиадаға математика пәнінен қатысып қола медаль иелендім. Жарыста Ресейден келген оқушылар өте мықты болды. Гран-при жүлдесін де ресейліктер жеңді. Бұл жылы бірінші рет АҚШ оқушылары қатысты. Олимпиада форматы да ерекше еді. Ұнады.

Білімін АҚШ-та жалғастыруды жоспарлаған РФММ мектебінің 10 сынып оқушысы  Жандос Әбдіғалиев.  

Мен де олимпиадаға математика пәнінен қатысып қола медаль жеңдім. Сайыс өте қызық болды, жаңа ортамен таныстық. Аз уақыт болса да ағылшыншамды жетілдіруге көмегі тиді. Елордаға жүлделі оралдық, жақындарымның барлығы құттықтап, бір қуанып қалды. Наурызда өтетін келесі олимпиадаға сәттілік тіледі. Мектеп бітірген соң әлемнің ең үздік оқу орындарының бірінде білім алғым келеді. Мен мақсат көздеп отырған университеттер АҚШ пен Канадада. Әзірге нақты айтқым келмейді. Түсуге бар күшімді саламын. 

Илон Маск секілді үлкен жұмыс атқарғысы келетін, Гонконг университетінен шақырту алып үлгерген РФММ мектебінің 11 сынып оқушысы  Әмірхан Байлин.

Осы жылы 15-ші рет өткен Жәутіков олимпиадасына физика пәнінен қатысып қола медаль иегері атандым. Күміске ұпайым сәл жетпей қалды. Мектеп командасының құрамында болғаныма қуаныштымын. Келешекте ойымдағы оқу орнында білімімді жетілдірсем деген жоспарым бар. Қазір Гонконгтағы бір университеттен шақырту алдым. Сабақтан бөлек гитарада ойнауды үйреніп жүрмін. 7-8сынып оқып жүргенде домбырада ойнадым. Маған олимпиаданың қатты ұнаған тұсы барлық жеңімпаздарға Гарри Потер кітабының3 томдығын сыйлағаны. Жолға шығардың алдында ғана осы кітапты телефонға жүктеп алған болатынмын.Екі бөлімін аяқтап қалған тұста кітап күйінде оқу бұйырды.

Робототехникаға қызығамын. Илон Маск секілді үлкен іс атқарғым келеді. Өйткені жаңалықты ашып қана қоймай, дамытып оны сата білуді меңгерсем деймін. Бүгінгі өнертапқыштар жаңа дүние ойлап тапсақанымен, ары қарай жетілдіруге келгенде қиналады.

Білім мен спортты сабақтастыра білген  РФММ мектебінің 11 сынып оқушысы  Байжан Мұқатай.

Жәутіков олимпиадасына биыл бірінші рет қатысып, қола медальға ие болдым. Дайындығым аса мықты болды дей алмаймын. Келесі жарысқа барымды салып, жоспарлы түрде дайындаламын. Бұл жолы уақыт тығыздығына байланысты үлгермей қалдым. Жарыстан ұққаным жеке бастың жайы ғана емес топтық жұмыстың маңыздылығы. Жай қатысушы ғана емес топтың намысы екенімді ұқтым. Тек команданың ғана емес елімнің үмітін ақтауды ойладым. Қазақстанның атынан қатысқан басқа да оқушылар жеңіске жеткенде шулаған залға қарап тебіреніп кеттім. 7 жыл дзюдомен айналыстым, 2 жыл жүзуге қатыстым.

MIT-ға түсіп ғалым болуды қалайтын РФММ мектебінің 9 сынып оқушысы Рауан Қалдыбаев.

Биыл Жәутіков олимпиадасына алғаш қатысуым. Маған қатты ұнады. Тапсырмалар қиын да қызықты болды. Әсіресе теория қиынға соқты. Мен үшін алаңдаған, дайындаған ұстаздарым мен ата-анама алғыс айтамын. Келесі жылы алтын медаль алғым келеді. Мектеп бітірген соң білім алуды MIT университетінде жалғастырсам деймін.  Өте қиын болса да, бағымды сынап көремін. Арманым –  ғалым болу. Электромагнетизмге қызығамын. Келешекте зерттеу аймағым электромагниттік ауытқулар болады деп жоспарлап отырмын.

РФММ Астана мектебінің олимпиада жауаптысы Ибрагим Ибатулин

Армандары асқақ болашақ ғалымдармен әңгімені аяқтаған соң, осы мектептің олимпиадаға дайындығына жауапты Ибрагим Жоржевич мырзамен сөйлесудің сәті түсті. Ол 2005 жылы басталған Жәутіков олимпиадасының маңыздылығы жыл сайын артып, жүлдегерлеріне әлем университеттері ұсынатын гранттардың саны да ұлғайып жатқандығын тілге тиек етті.

Жұмысымызды аяқтап жас ғалымдарды жетілдіріп жатқан білім ордасынан ұзай бердік…

Әбдіманап КЕҢЕС,

Журналист

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз