Нұр-Сұлтандағы “Білім-инновация” лицейіне қабылдау емтиханы басталды

0
228
Емтихан тапсырып отырған оқушылар.

18 маусым күні астанадағы дарынды ер балаларға арналған “Білім-инновация” лицейіне 6-сынып бітірген оқушыларды қабылдау емтиханы басталды. Емтихан тапсыруға қала бойынша 1000-нан астам оқушы өтініш білдірген.

ЕМТИХАН ӨТЕТІН ЖЕР КОРОНАВИРУСТАН ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚАУІПСІЗ?

Жыл сайын лицейге қабылдау емтиханы сәуір айының соңғы аптасында өтетін. Осы жылы пандемияға байланысты кейінге шегерілген. Мектеп директоры Эльбрус Пириевтің айтуынша, емтихан алдында қалалық білім және полиция басқармасы тексеріс жасап, рұқсат берген. Емтихан алдында оқушылардың қызуы тексеріліп, санитарлық заттармен қолдарын тазалайды.

Емтиханға келген оқушылар.

Маман арнайы құрылғымен оқушының қызуын өлшеп тұр.

Маман санитарлық сұйықтықты оқушының қолына сеуіп тұр.

Мектеп басшысының сөзінше, осы жылы емтихан 2 күнге бөлінген. Коронавирусқа байланысты оқушылар емтиханды 4-ке бөлініп, таңертеңнен түске дейін және түстен кешке дейінгі уақытта тапсырады. Арақашықтық сақталып, бір сыныпқа 12 оқушыдан артық отырғызылмайды.

Нұр-Сұлтандағы дарынды ер балаларға арналған “Білім-инновация” лицейінің директоры Эльбрус Пириев.

“Емтихан ұзақтығы – 100 минут. Екі бөлек кіретін оқушылардың арасында 2 сағат үзіліс болады. Түске дейінгі емтихан басталар алдында 2 сағат бойы сыныптарда тазалау жұмыстары жүргізіледі. Ата-аналар да тек медициналық бетпердемен, балалар емтиханға кіргеннен кейін ғана мектеп ауласына келе алады. Сырттағы орындықтардың арасы да ашық орналасқан. Өткен жылы 996 оқушы іріктеу емтиханына қатысқан болатын. Осы жылы 1080 оқушы тапсырмақ. Құжаттардың барлығын онлайн қабылдадық”, – деді мектеп директоры. 

ДИРЕКТОР: БІР ОРЫНҒА 14-15 БАЛА ТАЛАСАДЫ

Емтихан басталды. Оқушылар сұрақтарға жауап беріп отыр.
Оқушы ой үстінде.

Мектеп директорының айтуынша, 1100-ге жуық білімпаздың арасынан бірінші турдан кейін 100 оқушы іріктеледі. Соның ішінен екі немесе үш сынып оқушы мектепке қабылданады.

Эльбрус Пириев мектеп ғимараттың ескілігіне және сыныптардың аздығына байланысты қазіргі жағдайда тек екі сынып қабылдай алатынын айтты.

АТА-АНАЛАРДЫҢ КӨҢІЛ КҮЙІ ҚАЛАЙ?

Балалары емтиханға кіргенде мектеп сыртында күтіп отырған ата-аналармен әңгімелестік. Барлығы да балаларының сапалы білім беретін мекемеде оқығанын қалайтынын айтады.

Тұңғыш ұлын лицей емтиханына алып келген ата-ана Динара Сәрсебаева.

“Балам 6-шы сыныпқа дейін жақсы оқыған соң, болашағын ойлап одан әрі білімін шыңдасын деп осы емтиханға алып келдім. Лицей туралы туыстарымыздан естідік. Бұрын осы мектеп ашылғанда жақындарымыз оқыған екен. Сонымен қатар әлеуметтік желі арқылы да біраз ақпарат алдық. Бағымызды сынап көрейін деп келдік. Баламды жыл басынан бері интенсивті курстарға беріп дайындадық. Карантин басталғалы бері үйде онлайн дайындалды.  Баламның мінезі тұйық. Білетінін көрсетіп белсенділік танытпайды. Бірақ ақылды, біледі. Бір Аллаға тапсырдық. Түссе екен деп отырмыз”, – дейді ата-ана Динара Сәрсебаева.

Ата-аналар емтиханға кірген балаларын күтіп отыр.

Ал ата-аналардың бірі Айгерім Чайжүнісова немересін алып келген.

“Немерем 72-ші гимназияда оқыды. Интенсивті курстарда үш айға жуық дайындалды. Қыс бойы курсқа қатысты, карантин басталғанда онлайн дайындалды. Немереме сенемін, түсіп кетсе деп тілеймін. Өзім “Nurorda” халықаралық мектебінің жатаханасында жұмыс істеймін. Сонда балалардың тәртібі, тәрбиесі, сыйлағаны қатты ұнайды. Қыздары да ұлдары да сондай жақсы. Отбасымызбен ақылдасып осы мектепке береміз деп шештік”, – дейді ата-ана. 

Мектеп басшысының сөзінше, емтиханның нәтижесі 10 күнде белгілі болады. Жоғары ұпай жинап келесі кезеңге өткен оқушылардың ата-анасына мектептен хабарласып айтатын болады. Эльбрус Пириев екінші турдың қашан өтетіні әзірге белгісіз екендігін айтты.

Abdimanap Kenes
Diar Ydyrys Belbaily

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз