Оқу жылының басынан бері 1000-нан аса оқушы коронавирус жұқтырған

0
52
Емтихан басталды. Оқушылар сұрақтарға жауап беріп отыр.

Қазақстанда 1 қыркүйектен бері 241 мұғалім мен 1042 оқушыға коронавирус жұқтырған. Бұл туралы 17 қараша күнгі брифинг кезінде денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова айтты.

“1 қыркүйектен бері бір оқушыдан коронавирус пневмониясы анықталды. Қазір 456 бала коронавирустан емделіп жатыр” деді Есмағамбетова.

Комитет жетекшісінің сөзіне қарағанда, коронавирус жұққан оқушы мен мұғалім елдің барлық аймағынан табылған. Әрбір жағдай бойынша эпидемиологиялық зерттеу жүргізіліп, вирус жұққан адаммен байланыста болғандар анықталып жатыр.

Коронавирусқа байланысты Қазақстанда оқушылардың басым бөлігі 1 қыркүйектен бері қашықтан білім алып жатыр. Тек кейбір мектептерде бастауыш сыныптарға арналған “кезекші сыныптар” ұйымдастырылған. Бұған қоса, кейбір аймақта бала саны 300-ден аспайтын шағын мектептерге дәстүрлі форматта оқуға рұқсат етілген.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 3 миллионнан астам оқушының алтыдан бірі немесе жарты миллионнан астам бала мектепке барып жүр.

16 қарашада барлық мектепте екінші тоқсан басталды.

Елде соңғы уақытта коронавирус жұқтырғандардың көбейгені байқалады. Денсаулық сақтау министрлігінің  мәлімет бойынша, қазір Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облысы “қызыл аймаққа” енген. Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы, Қостанай, Павлодар облыстары – “сары аймақта”. Қалған аймақтар – “жасыл зонада”. Осыған дейін Батыс Қазақстан облысында да карантин күшейгені хабарланған еді.

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұққаны тестпен дәлелденген 121 мыңнан астам адам бар: 109 мыңы жазылған, 1952 адам қайтыс болған. Бұған қоса, 40 мыңнан аса адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған: басым бөлігі айыққан, 421 адам қайтыс болған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз