WSC ата-аналар: балаларымыз үшін баға жетпес тәжірибе

0
97

Оқи отырыңыз: Елордада World Scholar’s Cup пәнаралық олимпиадасының халықаралық деңгейі басталды

9-12 шілде күндері Нұр-Сұлтандағы Spectrum Халықаралық мектебінде World Scholar’s Cup пәнаралық олимпиадасының халықаралық деңгейі өтіп жатыр. Бүгін білімпаздар тест сынағын тапсырып, дебат ойнады.

Олимпиаданың екінші күні оқушылар литература, музыка және өнер, ғылым, қоғамдық ғылымдар, тарих, еркін тақырыптарға материалдар мен кітаптарды пайдалана отырып дайындалды. Дайындық аяқталған соң арнайы тақырыптарға тест жазды.

Дебат бөлімінде 3 оқушы бір топқа бірігіп тақырыпқа сай пікірсайыс өткізді. Тартысатын тақырыптардың дені логикалық. Сонымен қатар, білімпаздар шығарма жазып, викториналық сұрақтарға жауап берді. Нәтижелердің барлығы есепке алынып олимпиаданың соңғы күні жабылу салтанатында белгілі болады.

WSC олимпиадасы  барысында балаларын сырттай бақылап, тақымын қысқан ата-аналарды әңгімеге тарттық.

Азербайжандық ата-ана Рамиля Азизова қызымен.

Рамиля Азизова. Азербайжан.

“World Scholars Cup олимпиадасының халықаралық деңгейіне Азербайжанның астанасы Бакуден қызымды ертіп келдім. Аймақтық деңгей сәтті аяқтаған соң, халықаралық деңгейге қатысуға түрлі елдердің ішінен Қазақстанды таңдадық. Қызымның сыныптастарының бір бөлігі Нидерланды еліне аттанды. Алғаш рет болғандықтан көрші ел Қазақстанға келуді, дәстүрімен, ұлттық құндылықтарымен танысуды қатты қаладық. Қазақстандағы үшінші күніміз болса да тек позитивті пікір қалды. Олимпиададан кейін де екі күн Нұр-Сұлтан қаласын аралайтын боламыз. Олимпиада өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ең алдымен түрлі ел өкілдерінің шекарасыз бір жерге жиналғандығына риза болдым. Өзге елге келсем де өз жерімдегідей еркін жүрмін. Бұл осындағы халықтың қонақжайлылығы мен бауырмалдығынан болса керек. Бүгін балаларымыз үшін маңызды күн. Тест сынағы, дебат өтіп жатыр. Алайда балалардың жүзінен бірін-бірі жеңуден гөрі топ болып жеңіске бірге ұмтылу сезімі көбірек байқалады”, – деді ол.

Маниш Рай. Дубайдан келген үндістандық ата-ана.

Маниш Рай. Үндістан.

“Ұлым екеуміз Қазақстанға Дубайдан келдік. Туған еліміз Үндістан. Аталмыш олимпиада Дубайдағы аймақтық деңгейден кейін ұлыма жақсы тәжірибе болайын деп тұр. Өзге ұлт өкілдері, жаңа достар, түрлі мәдениеттің барлығы баламның таным көкжиегін кеңейте түседі деп сенемін. Мен үшін мұның барлығы құнды тәжірибе. Қазақстанға алғаш келуіміз. Басында виза алуда біраз қиындық туды. Кейінірек барлығы ретімен шешілді. Бұдан кейін тағы да арнайы келіп аралауға ниетіміз бар. Ұлымның есімі Арна. Бастауыш сыныпта оқиды. Сонымен қатар, Каратэден қара белбеу иегері. Өткен жылы Климанджаро шыңына шықты. Болашақта да түрлі әлемдік іс-шараларға қатысу жоспарымызда бар”, – деді ол.

Рана Али. Пәкістаннан келген мұғалім.

Рана Али. Пәкістан.

“Пәкістандағы жергілікті мектепте мұғаліммін. Мектептегі барлық пәндердің ағылшынша өтуін қадағалаймын. WSC олимпиадасы тек оқушыларға ғана емес мұғалімдерге де үлкен тәжірибе. Әлем оқушыларын, ұстаздарын көріп, сөйлесіп білім, ғылым саласындағы тақырыптарда пікір алмасып жатырмыз. WSC ұжымына алғысымды айтамын. Қазақстанға алғаш келуім. Маған қатты ұнады. Нұр-Сұлтан қаласы сондай таза, тып-тыныш. Алған әсерім ерекше”, – деді ол. 

World Scholar’s Cup mini-global round негізгі бөлімдері өтіп жатқан Нұр-Сұлтан қаласындағы Spectrum Халықаралық мектебі.

World Scholar’s Cup пәнаралық олимпиадасы халықаралық деңгейінің екінші күні Мәдени көрмемен аяқталатын болады. Ал, үшінші күні Нұр-Сұлтандағы Жастар театрында жалғасын табады.

Abdimanap KENES

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз