Астанада дәрігерлер кішкентай дельфинді құтқарып қалды

0
163

Президент істерін басқару медициналық орталығының қызметкерлері доп жұтып қойған кішкентай дельфинге ота жасады.

Медициналық орталықтың баспасөз қызметінің хабарлауынша, орталықтың эндоскопист-дәрігерлері доп жұтып қойған екі жасар дельфинді құтқарып қалды.

Дельфинариумда ұсталған су жануары кішкентай доп жұтып қойып, мазасы қашқан.

Бөлшектенген доптың асқазанына тұрып қалуына байланысты, дельфин ас ішіп, ойын ойнаудан қалған.

Дельфиннің жағдайы екі-үш күн бойы жақсармағаннан кейін дельфинариум қызметкерлері дабыл қағып, дәрігерлерден көмек сұраған.

Президент істерін басқару медициналық орталығының қызметкерлері дельфиннің жағдайы туралы дәрігерлердің арнайы чатында естіген.

Көмек қолын созуды жөн көрген эндоскопист мамандар операциядан бұрын бір консилиум ұйымдастырып, түрлі әдебиеттерден ұқсас жағдайларды жіті зерттеген.

Дельфиннің ас қорыту жүйесінің ерекшеліктерін ескерген дәрігерлер операцияны бастамас бұрын, тіпті, жануардың ішкі құрылысын эндоскоптың зақымдамауы үшін арнайы құрылғы дайындаған.

Дәрігерлер ерлікке барған

Емхананың эндоскопия бөлімінің басшысы Арсен Түсіпбеков командасымен бірге өткізген сәтті операциясы жайында бір-екі ауыз мәлімдеме жасады. Әңгімесінде А. Түсіпбеков дельфин іш құрылысының ерекшелігіне тоқтап өтті. Дельфин асқазанының үш бөліктен тұратынын айтқан маман тыныс алу жүйесінде де бір ерекшелігі болғанын, сол себепті жануардың тұншығып қалмауы үшін барынша мұқият әрекет еткендерін жеткізді. Эндоскоппен асқазаннан қызыл бір доптың бөшектерін тауып алғандарын атап өткен басшы, дельфиннің ішкі құрылысының өзіндік ерекшеліктеріне байланысты, бөлшектерді арнайы құрылғымен шығара алмағандықтарын айтты. Дәл сол кезде Жеңісбек Тынкөзиев есімді дәрігердің ерлікке барғаны белгілі болды. А. Түсіпбековтың айтуынша, әріптесі қолын майлап алып, эндоскоппен бірге кіргізе отырып, бөлшектерді жалаң қолымен алып шыққан.

А. Түсіпбековтың мәлімдеуінше, соңғы тексерістерді өткізіп, дельфинді суға жібергенде, су жануары қуаныштан ойнақтап, шоу-бағдарламасындағы әрекеттерін паш ете кеткен.

Бас маман бір-екі күннен кейін дельфинариумға хабарласып, кішкентай дельфиннің жағдайын сұраған. Қызметкерлердің айтуынша, дельфиннің қазіргі жағдайы тамаша екен.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз