Қазақстанда бір күнде 1501 адамнан коронавирус табылды

0
77

2 шілде күні Қазақстанда 1501 адамнан C0VID-19 инфекциясы анықталды. Оның 1005-інде ауру белгісі білінбейді. Бұл туралы жұма күні денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Ресми мәлімет бойынша, наурыздан бері елде вирус жұқтырғандардың жиынтық саны 44075 адамға жеткен. 14 мыңнан астам адам дерттен жазылып шыққан.

Қазақстан билігі коронавирустан қайтыс болғандар туралы ресми мәліметті бұған дейін 29 маусымда жариялаған – 188 адам. Содан бері коронавирустан көз жұмғандар туралы тың ақпарат жариялаған жоқ.

2 шілдеде өткен брифингте денсаулық сақтау министрі Алексей Цой үкімет енді коронавирустан қайтыс болғандардың санын күн сайын емес аптасына бір рет жариялап отыратынын мәлімдеді.

“Комиссия өлімнің себебін кісі қайтыс болғаннан кейін анықтайды. Сөйтіп кісінің коронавирустен өлгенін біз бір-екі күн кешігіп білеміз. Біз мұны апталық форматта хабарлауды жоспарлап отырмыз”, – деді министр.

Жаңа тәртіп COVID-19 өлімі жөніндегі ресми дерекке байланысты күдік көбейген тұста енгізілген.

Кейінгі апталарда Қазақстанда өкпе қабынуы дертіне шалдыққандар да күрт артты, қайтыс болып жатқандар да көп. Әдетте COVID-19 инфекциясы осындай өкпе дертіне душар етеді.

Індеттің өршуі Қазақстан үкіметін 5 шілдеден бастап екі аптаға қатаң карантин жариялауға мәжбүр етті. Билік жағдай тұрақталмаса шектеу шарасы жалғасуы мүмкін екенін айтады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз