DariKz дәрі іздеу қосымшасы іске қосылды

0
91

Орталық коммуникациялар қызметінде дәрі-дәрмек іздеуге арналған DariKz мобильді қосымшасы таныстырылды.

«Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының» бас директоры Арнұр Нұртаев аталмыш қосымша арқылы смартфоннан Қазақстан аумағында тіркелген дәрілер туралы толыққанды ақпарат алуға болатынын айтты.

«Болашақта дәрілердің министрлік бекіткен шекті бағалары да орнатылатын болады. Егер іздеген бәрінің бағасы сол шекті бағадан артық болса, шағымдану бұрышына өз талап-тілегіңізді қалдыруға болады. Оны біз тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне жолдаймыз. Сондай-ақ қосымшаның арнайы бөлімінен дәрі-дәрмек саласындағы ақпараттар мен жаңалықтарды оқуға болады. Тіпті бұрынғыдай дәріні қолдану нұсқаулығын сақтаудың қажеті болмайды деп ойлаймыз», – деді ол.

Орталық өкілінің айтуынша, қосымшаны смартфонға Play Market және App Store арқылы жүктеуге болады.

«Іздеген дәріні қосымшада препараттың саудалық немесе халықаралық патенттелмеген атауын, тіркеу нөмірін теру арқылы табуға болады. Қаптамадағы кодтық деректерді сканерлеу арқылы іздеу жүйесін де іске қосамыз. Қазірдің өзінде 7 мыңнан астам дәрі-дәрмек туралы ақпарат енгізілген», – дейді орталықтың бас директоры.

Аталмыш орталық бас директорының әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасары Ержан Жүнісовтің айтуынша, қосымшада кез келген дәріге қатысты қауіпсіздік және сараптамалық деректер де берілген.

«Дәріні тіркеу нөмірі бойынша іздеу үшін қосымшадан дәрінің қаптамасын тіркеу куәлігінің нөмірі көрсетілген бетінен суретке түсіріп алу керек. Іздеу нәтижелері шығатын бетте нақты тіркеу нөмірімен дәрілік препарат туралы толыққанды ақпарат пайда болады. Ақпарат қолданушының қалауына қарай қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады», – деді ол.

Орталықтың бас директоры Арнұр Нұртаев сөзіне қарағанда, бұл қосымша мекеме мамандарының күшімен жасалған. «Бұл жобаны қолға алғанымызға бір жылдай уақыт болды. Қосымшаны бастан-аяқ өз мамандарымыз жасап шығарды. Содықтан бюджеттен ешқандай қаржы шығындалған жоқ. Ал дәрі-дәрмектер туралы қажетті деректер қоры біздің орталықтың 2010 жылдан бері жинақталған», – деді орталық басшысы.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз