Министрлік: Қазақстанда 7-12 шілде аралығында коронавирустан 111 адам қайтыс болды

0
198
Photo: AFP

Қазақстанда 7-12 шілде аралығында коронавирус індетінен 111 адам көз жұмды. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. 

Апта ішінде COVID-19 ауруынан Қарағанды облысында 37 адам, Алматы қаласында 24 адам және Нұр-Сұлтан қаласында 18 адам өлген. Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында бес адамнан; Қызылорда және Маңғыстау облыстарында төрт адамнан; Ақмола және Павлодар облыстарында бір адамнан қайтыс болған. Түркістан облысында коронавирустан жеті адам қаза тапқан.

Алматы, Қостанай, Атырау, Жамбыл, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында COVID-19 өлімі тіркелмеген.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда коронавирус індетінен барлығы 375 адам дүниеден өтті.

Коронавирустан көз жұмғандар статистикасына өліміне “өзге аурулар” себеп болған, ал анализ қорытындысы коронавирус жұқтырғанын анықтаған кемінде 101 адам енгізілмеген.

Қазақстанда жаз басталғалы COVID-19 індеті өршіп, белгілері коронавирустікіне ұқсайтын ПТР нәтижесі теріс пневмония жағдайлары күрт артқан. Дәрігерлер қазір пневмонияның ушығатын уақыты емес, ауруды коронавирус инфекциясы қоздырып жатыр дейді. Денсаулық сақтау министрлігі министрлігі жақында пневмонияны ресми түрде “ықтимал коронавирустық инфекция” деп жіктеуге көшті. Алайда COVID-19 инфекциясының бар-жоғын анықтайтын ПТР талдауы теріс нәтиже көрсеткен пневмония жағдайлары коронавирус статистикасына әлі де кірмей отыр.

2020 жылдың алғашқы алты айында 98 546 адам пневмонияға шалдыққан. Бұл өткен жылдың осы мерзіміндегі көрсеткіштен 55,4 пайызға артық. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында пневмонияға 63 436 адам шалдыққан.

Егер қаңтар мен маусым аралығындағы алты айда пневмониямен 98 мың адам ауырса, шілденің бірінші аптасының өзінде (1-8 шілде) 56 809 ауырған. Оның ішінде 39 702 жағдайда ПТР нәтижесі теріс шыққан, бірақ ауру белгілері коронавирустікіне ұқсаған.

Билік шілде пневмониядан қайтыс болғандарды жүйелі түрде хабарлап отырған жоқ. Дегенмен денсаулық сақтау министрлігі маусым айында пневмониядан 628 адамның, 29 маусым мен 7 шілде аралығында 453 адамның қайтыс болғанын хабарлады.

Үкімет мәліметінше, Қазақстанда барлығы 58 253 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталған. Індет өршіген тұста, Қазақстан билігі 5 шілдеден бастап екі аптаға карантин шектеулерін енгізді. Бүгін, 13 шілде Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандарды аза тұту күні.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз