Өзбекстан Тәжікстанға медициналық комплекс сыйға тартпақ

0
159
pixabay.com

Өзбекстанның қаржылай қолдауымен Тәжікстанның Хатлон аймағында 200 орындық медициналық комплекс салынады.

Тәжікстанның «Азия-Плюс» медиа агенттігінің хабарына сәйкес, Өзбекстанның қаржылай және логистикалық қолдауымен салынатын медициналық орталықтың ашылғаннан кейін Тәжік тарапының басқаруына берілетіні жарияланды.

Тәжік үкіметі осы ретте Архитектура және құрылыс комитетіне Хатлон аймағында салынатын клиника үшін жер беру және өзбек тарапына құрылыс процесінде жәрдем беру туралы тапсырма берді.

ӨЗБЕК-ТӘЖІК АРА-ҚАТЫНАСЫ КҮННЕН-КҮНГЕ НЫFАЙЫП КЕЛЕДІ 

Өткен апта шекаралас өңірлерде кәсіпкерлер үшін арнайы бизнес-форумның өткізілуі екі ел арасындағы экономикалық байланыстың нығая бастағанынын жарқын көрінісі болды.

Тәжікстанның Соғды аймағының белді кәсіпкерлері делегация күйінде Өзбекстанның Самарканд облысына барды. Тәжік делегациясы Самарқанд аймағындағы бірқатар өндірістік іс-шараларға қатысып, ежелгі қаланың туристік объектілерін аралады.

Келіссөздер нәтижесінде 104 миллион долларлық келісім-шарттарға қол қойылды.

Бұдан өзге, Өзбекстан-Тәжікстан бизнес-форумында екі аймақтың өнеркәсіп өнімдері танытылған көрме өтіп, «Динамо» Самарқанд пен «Худжанд» футбол командалары арасында жолдастық кездесу ұйымдастырылды.

Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтың кезінде құрдымға кеткен өзбек-тәжік қарым-қатынасы Шавкат Мирзиёевтің президенттікке келуімен жандана бастады. Мысалы, Ташкент пен Душанбе арасында сәуір айынан бастап әуе қатынасы қайта жаңғырды.

Қаңтар айында Душанбеде өткен үкіметаралық келіссөздерде алғаш рет шекарадағы бақылау пункттерін ашу және шекаралық аудандарды миналардан тазарту мәселелері кеңінен талқыланды.

2018 жылдың наурыз айынан бастап сегіз жыл бұрын жабылып қалған 8 автокөлік бақылау пункті, 1 теміржол бекеті мен 1 шекара бекеті қайта ашылды.

2001 жылы бастап қолданысқа енген визалық режимді жеңілдету үшін екі ел арасында келісім жасалды. Бұдан былай екі ел азаматтары 30 күн ішінде көрші елге визасыз саяхаттап қайта алады.

Бауыржан Мұқан

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз