2018 жылдың «еркін экономика» индексі жарияланды

0
315

Америка Құрама Штаттарының (АҚШ) астанасы Вашингтонда орналасқан Heritage Foundation ұйымы 2018 жылға арнап экономикалық еркіндік индексін жариялады.

Қазақстан америкалық ұйым жасаған экономикалық еркіндік рейтингінде 180 елдің арасынан 41-орын алды. Бір жыл бұрынғы көрсеткіштен айырмашылығы шамалы болғанмен, Қазақстан рейтингіде Түркия, Ресей және Қытай секілді елдерді басып озды. Ұйым сарапшылары Қазақстандағы экономикалық еркіндікті 69,1 балл деп бағалап, «экономикасының еркіндігі орташа» ел деп таныды.

Биылғы көрсеткіш өткен жылғыға қарағанда 0,1 балға жақсартқан Қазақстан Азия және Тынық мұхиты аймағында орналасқан 49 елдің арасынан экономикалық еркіндігі жағынан 11-орында тұр.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ИНВЕСТОРЛАР ЖЕМҚОРЛЫҚ, БЮРОКРАТИЯ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ «ЕРКІН ӘРЕКЕТ ЕТЕТІНІНЕ» НАРАЗЫ

Сарапшылар Қазақстан көрсеткіштерінің қаржы-несие мен ақша еркіндігі критерийлерінің күрт төмендегенін, ал инвестициялық еркіндік пен үкіметтің тұтастығы критерийлерінде айтарлықтай көтерілгенін атады.

Сараптамаға сүйенсек, экономикасының мұнай мен тау-кен өнеркәсібіне қатты тәуелді болуына байланысты Қазақстан үкіметі көлік, медицина, телекоммуникация, мұнай-химия және азық-түлік өнімдерін өңдеу секілді көптеген салалардың оңалуына көбірек көңіл бөлген. Сонда да инвестиция тартуға тырысқан үкіметтің күш-жігерінің біркелкі болмағаны атап өтілді.

«Кейбір жағымды өзгерістерге қарамастан, инвесторлар облыстық және қалалық деңгейдегі сыбайлас жемқорлық, бюрократия және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің «тым еркін әрекет ететініне алаңдайды», – делінген сараптамада.

Сондай-ақ, инвесторлардың банк секторында ашықтықтың жоқтығына, өтімділіктің төмендігіне және актив сапасының нашар екеніне шағымданатыны айтылады.

Бір кездері экономикасы «репрессивті» ел болып саналған Қазақстан 2008 жылдан бері «экономикалық еркіндігі орташа» (moderately free) елдер қатарында. «Экономикасы айтарлықтай еркін» елдер санатына ену үшін елдің бағалау көрсеткіші 70 балдан асқан болуы қажет.

АҚШ ПЕН ГЕРМАНИЯ АЛҒАШҚЫ ОНДЫҚҚА ДА КІРМЕЙДІ

 

Heritage Foundation индексінде биыл әлемдегі экономикасы «еркін» (highest economic freedom) алты елдің тізімін әдеттегідей Гонконг бастап тұр. Одан кейінгі орындардағы Сингапур, Жаңа Зеландия, Швейцария, Австралия және Ирландия да «еркін» экономикаға ие. Алғашқы ондықта Эстония, Ұлыбритания, Канада және Біріккен Араб Әмірліктері орналасқан. Бұл елдер «экономикасы айтарлықтай еркін» елдер көшін бастайды. Бұл категорияға енген елдерге назар аударсақ, Грузияның 16-шы болғанын, АҚШ-тың тізмде 18-орын иеленгенін, Германияның (25) алғашқы жиырмалыққа да кірмегенін байқауға болады. Салыстыру үшін: экономикасы үлкен елдер: Түркия – 58-орында, Франция – 71-орында, Қытай – 110-орында және Ресей – 140-орында («негізінен еркін емес») тұр.

БАЛТЫҚ ЕЛДЕРІ АЛДА, АЛ РЕСЕЙ ТӘЖІКСТАННАН ДА ҚАЛЫП ҚОЙДЫ

Бұрынғы кеңес одағына мүше болған елдерден Эстония (7), Литва (19) мен Латвия (28) «экономикасы айтарлықтай еркін» елдер санатында табылды, «экономикасының еркіндігі орташа» елдер қатарына Армения (44), Әзербайжан (67) және Қырғызстан (78) кірген. Молдова (105), Тәжікстан (107), Беларус (108), Ресей (140) «негізінен еркін емес» (mostly unfree) елдер қатарына енген. Ал Украина (150), Өзбекстан (152) және Түркіменстан (169) «экономикасы репрессивті» елдер қатарында.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЕРКІНДІК ИНДЕКСІ ДЕГЕН НЕ?

Экономикалық еркіндік азаматтардың жұмыс, өндіріс, тұтыну және инвестициялау мәселелерінде өз қалауынша таңдау жасай алуын, сондай-ақ бұл құқықтың
мемлекет тарапынан қорғалуы және шектелмеуін қамтиды.

Осылайша, экономикалық еркіндігі жоғары елдерде азаматтардың еркін өмір сүрген секілді дәл солай тауар, жұмыс күші және капиталдың еркін қозғалысы қамтамасыз етіледі.

Индексте экономикалық еркіндік ұғымы бизнес еркіндігі, сауда-саттық еркіндігі, салықтық еркіндік, мемлекеттік шығындар, ақша еркіндігі, инвестициялық еркіндік, қаржылық еркіндік, мүліктік еркіндік, жемқорлықтан алшақтық және еңбек еркіндігі секілді он ішкі өлшем бойынша қарастырылады.

Ерлан Мұқан

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз