АХҚО-да биржа саудасы ресми түрде іске қосылды

0
123

Бүгін «Астана» халықаралық қаржы орталығында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биржа саудасын ресми түрде іске қосты.

Әлемнің айтулы биржаларының бәсекесі артқан заманда Астана қаржы орталығы бой көтеріп  өз жұмысын бастап жатса, бұл елдегі қаржы шаруашылығын жаңа бағытқа бастап, биік белеске көтерері анық. 2020 жылға қарай   «Астана» халықаралық қаржы орталығына 500-ге жуық компания тартылуы ықтимал. Әзірге мұнда 70 пайыз отандық және 30 пайыз шетелдік ұйымдар тіркелген. Жыл соңына дейін олардың саны тағы 100-бен толығады. Ал 2019 жылы тізімге 250 компанияны қосу көзделіп отыр.

Биржаны қалыптастыру мен  қаржыландырудың алғашқы кезеңіне 3-4 жылдай уақыт жұмсалмақ. Ал алдағы жылы Халықаралық қаржы орталығы өзін-өзі қамтамасыздандыратын болады.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты шарада «Жылдан жылға көркейіп келе жатқан елордамыз – Астанада тағы бір үлкен оқиға болып отыр. Бүгін «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасында сауда-саттықты ресми түрде бастағалы отырмыз. Осы оқиғаның ұлттық валютамыздың, осыдан 25 жыл бұрын енгізген теңгеміздің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында өтіп жатқанының маңызы бар. 25 жыл бұрын теңгемізді енгізіп, Қазақстанның нағыз экономикалық, қаржылық тәуелсіздігін орнықтырған болатынбыз», – деп мәлімдеді.

Елбасы «Астана» халықаралық қаржы орталығын іске қосу туралы Конституциялық заңға 2015 жылы қол қойған болатын.  Ал АХҚО биржасы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында 2018 жылы құрылды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз