Қазақстан шекара бекеттерін жөндеуге Қытайдан қарыз алады

0
61
Қазақстанның қаржы министрі Әлихан Смайылов.

Қазақстан үкіметі шекаралық бекеттерін жаңартуға Қытайдан 2 млрд юань (100 млрд теңге) қарыз алмақшы. Бұл туралы 6 наурызда парламент мәжілісінде екі ел арасындағы несие келісімін ратификациялау туралы заң жобасын таныстырған қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді.

Оның сөзінше, шекарадағы қазіргі инфрақұрылым барған сайын көбейіп келе жатқан адам мен көлікті жылдам өткізуге мүмкіндік бермейді.

– Мәселен, Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы өткізу бекеттерінен тәулігіне 40-тан 70-ке дейін автокөлік өтеді. Кейде олар тәулік бойы кезекте тұруға мәжбүр болады, – дейді министр.

Смайыловтың айтуынша, шекара бекеттерін жөндеуге қажет қаржы Қазақстанның өзінде де бар болғанымен, ол бюджетке салмақ салады. Ал Қытайдан алатын “жеңілдетілген несие” екі пайызбен беріледі, шарттары да оңай.

Қаржы министрлігі шекарадағы жағдайды жақсарту мақсатымен әзірленген “Эталондық өткізу пункті” тұжырымдамасын таныстырды. Құжатқа сәйкес, қазақстандық өткізу бекеттерінде қозғалысты жеңілдету үшін тоғыз автокөлік және бір теміржол өткізу бекетін жаңғыртып, техникалық жабдықтау жоспарланған.

Көрші екі ел арасындағы несие келісіміне 2018 жылы маусымда Пекинде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай басшысы Си Цзиньпин қол қойған.

Министр Смайылов шекара бекеттерін жөндеу жұмыстары биыл жыл соңында басталып, 2022 жылы аяқталатынын хабарлады. Жоспар бойынша, алдымен Қазақстанның Қытай мен Өзбекстан шекарасындағы өткізу бекеттері жөнделеді. Орнатылатын техниканың 70 пайызы Қытайдан сатып алынады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз