Отандық халал өнімдер БАӘ мен Таяу Шығыс нарығына жол тартты

0
145

Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) Дубай қаласында «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы «Halal Expo 2017 Dubai» халықаралық азық-түлік көрмесі аясында қазақстандық өндірушілердің өнімдерін таныстырды.

Ұлттық павильонда «Рахат», «Ленсинск өнімі», «Eurasia Invest LTD» ЖШС, «Golden Food Company» ЖШС, «АБАЙ» ЖШС, «Дисада» ЖШС компаниялары таныстырылды, деп хабарлайды ұлттық компанияның баспасөз қызметі.

Көрменің ресми ашылу рәсіміне Дубай қаласы Үкіметінің өкілдері, сондай-ақ Дубайдағы Қазақстан Республикасының Бас елшісі Мадияр Менілбеков қатысты.

«Біз Қазақстанда жоғары сапалы өнім ұсынуға дайын өндірушілер санының артып келе жатқанын мақтан тұтамыз. Бүгін таныстырылған компаниялар Таяу Шығыс нарығында айтарлықтай потенциалға ие», – деді М. Менілбеков.

БАӘ-дегі «Абай» ЖШС ет өнімдерін өндіруші өкілі Олег Шаповаловтың айтуынша, «Абай» компаниясының өнімдері өткен жылдан бері БАӘ-ге ұсынылып келеді.

– Биылғы жылы жергілікті нарықта жұмыс жасауда біраз тәжірибе жинақтадық, қазіргі таңда біздің етті жергілікті супермаркеттерден табуға болады. Енді компания тұтынушылар базасын жинақтап жатыр – көрмеге қатысу бұл тамаша мүмкіндік, – деді О. Шапалов.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының Дубай қаласындағы елшілігінің қолдауымен қазақстандық компаниялар үшін ESMA (Emirates Authority for Standardization and Metrology – Әмірліктің стандарттау және метрология Басқармасы) және RACS (Өнім сапасын бағалайтын эксперттік агенттік) өкілдерімен «Халал» сертификаттау мәселелерін және сертификаттау үдерісінің өзіндегі өзгерістерді анықтау үшін кездесулер ұйымдастырылады.

– БАӘ нарығы қазақстандық өндірушілер үшін өте тиімді, себебі мұнда сапалы өнім жоғары бағаланады, олар лайықты ақы төлеуге дайын. Бүгінгі компаниялар көрмесінде тек БАӘ-мен ғана емес, сонымен қатар Таяу Шығыс елдеріндегі әлеуетті сатып алушылармен де кездесулер өткізілді, – деп атап өтті KAZAKH INVEST өкілі Ғазиза Әбдінәбиева.

Атап өтерлігі, 2017 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстанның БАӘ-мен саудасы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,1 есе артып, 317,3 млн. долларды құрады. Экспорт 4,2 есе өсіп, 273,8 млн. АҚШ долларын құрады (мысқа деген сұраныстың артуына байланысты). Импорт 43,5 млн. долларды құрап,  17,6% -ға ұлғайды.

Сайлаубай Сабина

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз