30 маусым күні митингке шығушылар білуі тиіс заң ережелері

0
83

Прокуратура 30 маусым күні Нұр- Сұлтан мен Алматы қаласында болатын митинг кезінде қатысушылардың заңның талаптарын толық орындауын ескертеді. 

Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасы елорданың тұрғындары мен қонақтарын көрсетілген бейбіт митингілерге қатысу кезінде  Конституция мен Заң нормаларының талаптарын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылық шақыруларға ермеуге, құқық бұзушылықтар жасамауға шақырады.

Митингті ұйымдастырушылар мен қатысушылар қоғамдық тәртiптi сақтауға мiндеттi, сондай-ақ оларға:

– көлiктiң және жаяу жүргiншiлердiң қозғалысына бөгет жасауына;

– инфрақұрылым объектiлерiнiң үздiксiз жұмыс iстеуiне кедергi келтiруiне;

– жергiлiктi атқарушы органдардың рұқсатынсыз киiз үйлер, шатырлар, өзге де уақытша құрылыстар тұрғызуына;

– жасыл желектерге, шағын сәулет нысандарына залал келтiруiне;

– өзiмен бiрге суық, атыс және өзге де қаруды, сондай-ақ адамдардың өмiрi мен денсаулығына қарсы, азаматтарға және заңды тұлғалардың меншiгiне материалдық залал келтiру үшiн пайдаланылуы мүмкiн арнайы жасалған немесе бейiмделген заттарды алып жүруiне;

– іс-шараны өткiзу кезiнде қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етушi мемлекеттiк органдар өкiлдерiнiң қызметiне кез келген нысанда араласуына тыйым салынады.

Заңның 7-бабы бойынша бұқаралық іс-шараларды темiр жол, су және әуе көлiгiнiң объектiлерiнде, сондай-ақ мемлекеттiң қорғаныс қабiлетiн, қауiпсiздiгiн және халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз ететiн ұйымдардың (қалалық қоғамдық көлiк, сумен, электр қуатымен, жылумен және басқа энергия көздерiмен жабдықтау) жанында, денсаулық сақтау мен бiлiм беру мекемелерiнiң жанында өткiзуге жол берiлмейдi.

Митингілер өтініш берілмеген болса, тыйым салу туралы шешім шығарылса, оларды өткізу тәртібі бұзылған болса, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнетін, қоғамдық тәртіп бұзылатын жағдайда Заңның 8-бабында бекітілген жергілікті атқарушы орган өкілінің талабы бойынша тоқтатылуға тиіс.

Аталған заңды талаптарды орындаудан бас тартылған жағдайда оның нұсқауы бойынша ішкі істер органдарымен оларды тоқтату бойынша шаралар қабылданады.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз