Мектепте смартфон ұстауға тыйым салу ұсынылды

0
256

Мұғалімдердің мәртебесін көтеру үшін смартфоннан бас тарту керек. Бүгін сенаторлар сабақ кезінде оқушыларға видеокамерасы бар телефон ұстауға заңмен тыйым салуды ұсынды. Өйткені, осы смартфондардың кесірінен ұстаздардың әбден қадірі қашты, дейді депутаттар. Мұғалім сәл дауыс көтерсе, ұл-қыздар видеоға түсіріп, интернетке сала қояды екен. Кейін көп жағдайда оқытушылардың басы бәлеге қалып жұмыстан қуылады, – деп хабарлады КТК арнасы.

Жалпы, сенаторлардың мұндай бастама көтеруі бекер емес. Интернетте ұстаздардың оқушыларға ұрсып, қол көтеріп жатқан видеолары шаш етектен. Оны, әрине, ұл-қыздар сабақ кезінде телефонына түсіріп алған.

Осыдан соң, мұғалімдер оқушыларға бірдеңе деуге қаймығып қалған. Сәл дауыс көтерсе, жеп отырған нанынан айрылуы мүмкін. Ал, осыны пайдаланған жеткіншектер ұстаздарын әбден басынып алған. Оқытушылар болса телефонның оқу процесіне де кедергі келтіретінін жылап айтып жүр.

Олардың мұңы жоғарғы палатаға енді жеткендей. Бүгін сенатор Нөкетаева мектепте видеоға түсіретін ұялы телефон ұстауға заңмен тыйым салуды сұрап отыр.

ДИНАР НӨКЕТАЕВА, СЕНАТ ДЕПУТАТЫ:

Осындай жағдайларды ескере отырып, мұғалім мәртебесін қорғау үшін Үкімет тарапынан ұстаздарға қолдау көрсетілсе дейміз. Мемлекеттік органдарда видеокамерасы бар және интернетке қосылған телефондарды пайдалануға тыйым салынғаны белгілі. Мектептердің де мемлекеттік мекеме екенін ескеріп оқушыларға, ата-аналарға, мұғалімдерге оқу процессі кезінде интернет пен видеокамералары бар құрылғыларды пайдалануға шектеу қою керек.

Тіпті, депутаттар ұстазды қорлауды, билік өкіліне қарсы шығумен теңестіріп, оқушыларды жазалау керек дейді. Қазір бірнеше елде осындай заң қабылданған екен. Мәселен, Ресейде талай былықтан соң, білім ордасына смартфон алып кіруге шектеу қойылыпты. Енді мұғалімдердің қадірін қайтаруға арналған бастама іске асса, мектеп ұжымы мен оқушылар, мемлекеттік қызметкерлер секілді ғаламторға кірмейтін, аудио-видео жазу функциясы жоқ қарапайым телефон ұстайтын болады. Бірақ, бастама әлі талай талқыдан өтуі тиіс. Сенатордың бұл ұсынысына енді Білім министрлігі бір айдың ішінде жауап беруі керек.

Ерлан Мұқан

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз