Бас мүфти: Құрбан айт намазы оқылмайды, құрбандық қашықтан шалынады

0
83
ҚМДБ бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы. 14 сәуір, 2020 жыл. Нұр-Сұлтан қаласы.

24 шілдедегі брифингте ҚМДБ бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы биылғы құрбан айттағы ерекшеліктер туралы айтты.

“Діни басқарма ел мұсылмандарының өтінішін ескере отырып биылғы жылы алғаш рет құрбан айт қарсаңында халықаралық тәжірибеге сүйеніп, қашықтан құрбан шалу жобасын қолға алды. Осы мақсатта qurban2020.kz сайтын бүгін толықтай іске қостық. Ал құрбандық шалуға онлайн тапсырыс 30 шілдеге дейін қабылданады. Кез келген азамат онлайн түрде құрбан шалуға тапсырыс бере алады” деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти онлайн режимде тапсырыс қабылдап, құрбандық етін көмекке зәру жандарға тарату тәжірибесі Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері сынды бірқатар мұсылман мемлекеттерінде бұрыннан қалыптасқанын айтты. Бұл жүйенің басты ерекшелігі құрбандық еті түгелдей мұқтаж азаматтарға таратылады. Мұндай жоба Қазақстанда алғаш рет қолға алынып отыр.

“Діни басқарманың мақсаты – азаматтардың құрбандығын шалып беруді ұйымдастыру. Онлайн тапсырыс арқылы құрбандық шалу кезінде үйреншікті болған малды өзіміз таңдау, қасапшының жанына барып өзіміз сою секілді жағдай болмайын деп тұр. Бұл жобаны карантин кезінде құрбан шалуға ниет еткен азаматтардың тілегін жүзеге асыруға мүмкіндік ретінде ұсынып отырмыз. Тағы бір ескеретін жағдай осы кезге дейін Құрбан шалған азаматтар етті үшке бөліп, бір бөлігін ағайын-туыс, көрші қолаңға арнап айттық дастарханын жаятын. Пандемия жағдайына байланысты сойылған ет биыл түгелдей әлеуметтік аз қамтылған жандарға, мұқтаж отбасыларға үлестіріледі. Осы ретте азаматтарға айтарым. пендешілікке салынбай, мал бағасын көтеріп пайда табуды емес, сауапты іске атсалысайық” – деді Бас мүфти.

ҚМДБ басшысы бұл жобаны келесі жылы да жалғастыру жоспарда бар екенін айтты. Ол онлайн құрбандық шалу барысында “имамдардың жұмысы делдалдық емес, аталған рәсімді ұйымдастыру және құрбан еттерін мұқтаж жандарға үлестіру” екенін жеткізді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз