Денсаулық министрі: мектеп оқушылары қашықтан білім алуын жалғастыруы керек

0
106
Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. Photo: vlast.kz

Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой күздегі жаңа оқу жылын қашықтан білім берумен бастау керек деді. Министрдің сөзінше, оқушылардың мектепке баруы коронавирустың тарауын өршітуі мүмкін.

“Карантин кезінде балалардың көпшілік жерде болмауы алдын-ала ұйымдастырылған соң, инфекцияның тарау қаупі төмен болды. Енді олар мектепке барса, балалар арасында індетті жұқтырғандар көбеюі мүмкін” – деді министр сейсенбі 14 шілдедегі үкімет отырысында.

Министрдің сөзінше, 14 жасқа дейінгі балалар арасында ЖРВИ-ге шалдыққандардың 70 пайызы мектеп секілді білім беру орындарының үлесінде.

Алексей Цой эпидемиологиялық ахуалға байланысты жаңа оқу жылының бірінші тоқсаны үшін қашықтан білім беруді қарастыруды сұрады.

Денсаулық сақтау министрі елде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың 1,7 мыңы бала екенін айтты.

Білім және ғылым министрі денсаулық сақтау министрінің ойын құптап, “шалғайда орналаспаған шағын жинақты ауыл мектептерін қоспағанда 1 қыркүйекте еліміздің барлық мектептерінде 1-11 сынып оқушылары үшін оқу жылының алғашқы тоқсанын қашықтан оқыту форматында өткізуді” ұсынды.

Аймағамбетов сондай-ақ ата-аналардың өтініші бойынша бастауыш білім беру деңгейінде кезекші сыныптардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беруді ұсынатынын айтты.

“Бұл жағдайда санитариялық қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етіледі. Балалар тек қана бір кабинетте оқиды, үзілістер әртүрлі уақытта болады, кіреберісте дене қызуын өлшеуді ұйымдастырамыз. Ауаны тазалау, кварцтау және ылғалды тазалау тәртібін күшейтеміз” деді Аймағамбетов.

Министр шалғайдағы ауыл мектептеріндегі оқушылар республикадағы барлық оқушының төрт пайызын құрайтынын айтты.

Үкімет мүшелерінің баяндамаларын тыңдаған соң ел премьер-министрі Асқар Мамин білім және ғылым министріне, цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыш өнеркәсібі министріне және әкімдіктерге бірінші тоқсанды қашықтан оқытуды қамтамасыз етуді тапсырды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз