Елбасы Минскіде Қырғызстан басшысы Сооронбай Жээнбековпен кездесті

0
61

ҚР Президенті Беларусь Республикасына жасаған іс-сапары кезінде Қырғызстан Республикасының басшысы Сооронбай Жээнбековпен кездесті, деп хабарлайды Қазақпарат.

Қырғыз тарапының өтінішімен өткен екіжақты кездесуден кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Мемлекет басшысы

«Алыс жер болса да осылай кездесіп қалдық. Біріншіден, Сооронбай Шәріпұлын сайлауда жеткен жеңісімен шын жүректен құттықтадым. Екіншіден, екі ел арасындағы бауырлас қарым-қатынастардың барлығын қайта орнына келтіреміз деп келістік. Бұл екі халықтың да мүддесі үшін. Шекарадағы келеңсіздіктердің не үшін орын алғаны баршамызға белгілі»,

– деп атап өтті.

Елбасы бір-екі күн ішінде Қырғызстан делегациясы Қазақстанға арнайы келіп, мемлекеттер арасындағы түйткілді мәселелерді шешуге бағытталған жол картасын қарастыратынын айтып,

«Алдағы уақытта шекараға екі жақтан да, яғни біздің елден де, көрші елден де бақылау қоямыз. Осы секілді бақылауды Қытай шекарасында да жасайтын боламыз»,

– деп мәлімдеді.

Өз кезегінде бауырлас елдің басшысы қазақ еліне жақсылық тілейтінін айтып

«Орын алған келеңсіздіктер бойынша сөйлесіп, бір шешімге келдік. Екі елдің Үкіметтері жол картасын даярлайды. Шекараға Еуразиялық экономикалық одақ, қазақ-қырғыз тарапынан бақылау қоймасақ болмайды деп шештік. Мен жауапкершілік алып отырмын. Көп мәселелерді екі тараптан шешеміз. Рахмет, Нұрсұлтан Әбішұлы»,

– деді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қырғыз президентін Қазақстанға ресми іс-сапармен келуге шақырғанын да айта кетті.

«Қырғыз президенті Сооронбай Шәріпұлын мен Қазақстанға ресми сапармен шақырып отырмын. Ол келгенде барлық шаруаны артқа тастап, қазақ-қырғыз арасындағы жағдайды түзететін болайық деп келістік»,

– деді Мемлекет басшысы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз