«Елбасының тарихи шешімдерінің арқасында зайырлы мемлекет құрылды» – Ермекбаев

0
97

Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қабылдаған тарихи шешімдердің зайырлы мемлекеттің құрылуына мүмкіндік бергенін айтты.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында Тұңғыш Президент күніне және еліміздің тәуелсіздік күніне арналған «Бірегейлік пен бірлік: Қазақстан жолы және Н.Назарбаевтың үлгісі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Жиынға Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, «Рухани келісім конгресі» халықаралық қоғамдық қорының президенті, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, композитор  Төлеген Мұхамеджанов қатысты.

Конференцияның пленарлық сессиясын ашқан Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов жиынға қатысушыларға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың құттықтау хатын оқып берді.

Мемлекеттік хатшының хатында:

«Ұлттық бірегейлікті сақтау және нығайту – көп қырлы әрі жауапты міндет. Оны лайықты деңгейде іске асыру жаһандық өзгерістер заманындағы тұрақты дамудың кепілі болып табылады. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан ұлттық бірегейлік пен қоғам бірлігін арттырудың өзіндік моделін қалыптастырды. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты», – делінген.

Конференцияға жиналғандарға арнап баяндама оқыған Н. Ермекбаев Елбасы қабылдаған тарихи шешімдердің Қазақстанда конфессияаралық және қоғамдық келісімді насихаттайтын зайырлы мемлекет құруға мүмкіндік бергенін айтты. Ведомство басшысы Қазақстанда Ислам дінін қабылдаудың өзіндік моделі қалыптасқанын атап өтті.

«Қазақстандағы тұрақтылық пен келісімнің құпиясы неде? Оның жауабы – анық. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, Елбасының барлық бастамалары қазақстандықтардың бірлігін нығайтуға бағытталды. Президент атап көрсеткендей, Қазақстанның тарихы бірлікті насихаттайды», – деді өз сөзінде Н.Ермекбаев.

Әлем елдеріндегі бірегейліктің қалыптасу мәселелерін қазақстандық тәжірибе негізінде салыстыра отырып талқылау, этносаралық және конфессияаралық келісімнің «Н.Назарбаев моделі» ретінде танылған отандық үлгісінің тұсауын кесу мақсатында ұйымдастырылған конференцияға гуманитарлық ғылымдар бағытында еңбек етіп жүрген еліміздің қоғам қайраткерлері мен ғалымдары, Германия, Үндістан, Иран, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден келген сарапшылар қатысты. Іргелі шара барысында Қазақстанның үшінші жаңғыруының міндеттері, рухани жаңғыру мен қоғамдық сана, бірегейлік мәселелері жан-жақты сөз болды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз