Ұлттық валюта Тәуелсіздіктің айқын бейнесі

1
933

Бүгін Қазақстанның Ұлттық валютасы – төл теңгеміздің айналымға енгізілген күні. Сондай-ақ, 15 қараша республикада қаржыгерлердің кәсіби мерекесі ретінде де аталып өтіледі. 1997 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ең алғаш теңге айналымға енгізілген күн, 15 қараша «Ұлттық валюта күні» деп жарияланған болатын.

Теңгенің тарихына тереңірек үңілсек ең алғаш қазақ даласында күміс монета он бесінші ғасырда Отырар қаласында «таньга» деген атаумен пайда болған. Ал Ұлттық валютамыздың тарихы 1992 жылдан бастау алады. 1992 жылдың 27 тамызы күні Қазақстаның Ұлттық банкі теңге купюрасының үлгілерін бекіткен болатын. Мемлекет басшысының жеке тапсырмасымен отандық суретшілер Тимур Сүлейменов, Қайролла Әбжәлелов, Меңдібай Алин және Ағымсалы Дүзелханов Англияда қазақ валютасының дизайнындағы портретін бекітті. Дизайнерлердің жаңа валюта кескінін әзірлеу жұмыстары Алматы қаласында ерекше құпия жағдайда жүргізілді. Бұл туралы дизайнерлерден басқа мемлекет басшылығындағы санаулы адамдар ғана білген. Осылайша теңге алғаш рет Ұлыбританияда басылып шықты. 1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойылып, 15 қараша ұлттық валютамыз айналымға енгізілді.

Жаңа валютаның атауына қатысты да бірқатар ұсыныстар болған. Елбасы Н.Назарбаев «Алтын» атауын ұсынды. Кейіннен жаңа ақшаны ХV ғасырда Отырар қаласында «таньга» атауымен басылып шыққан манетаға ұқсастырып «теңге» деп атау туралы шешім қабылданды. «Теңге» сөзі бастауын орта ғасырлардағы түркі мемлекеттерінің күміс ақшасы «денге», «таңғадан» алады.

Әлбетте, теңге айналымға шығарылғаннан кейін де қиындықтар болмады емес. КСРО ыдырағаннан кейін кейбір оның кұрамына енген республикалар өздерінің ұлттық ақша бірлігін айналымға енгізіп, рубльден бас тартқан болса, біздің республикамыз өзіндік банкнот шығаратын фабрикасы болмағандықтан екі жыл бойы рубльді пайдаланды.

Теңге портретінің жаңаруы

2006 жылы 15 қараша күні ұлттық валютамыздың жаңа дизайнмен әрленген 200, 500, 1000, 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттары қолданысқа жіберілді. Дизайн мемлекеттік рәміздерді, еліміздің сәулет нысандары мен табиғи ландшафтарын бейнелей отырып, Қазақстанның осы заманғы бейнесін береді. Қолайлылық үшін номиналдарды сандық және жазбаша белгілеулер ірі қаріптермен басылған. 2007 жылдың мамыр айында Тайландта өткен валюта конференциясында 10 мыңдық теңгеміз «Үздік жаңа банкнот» аталымы бойынша бірінші орынға ие болды.

Тәуелсіздігіміздің ең басты жетістігі Ұлттық валютамыз – төл теңгемізге 25 жыл толды. Жиырма бес жылдан астам тәуелсіздік ел тарихымызда мемлекет мәртебесін өсіру мен экономикасының нығаюы жолында теңгенің арал орны ерек.

1 ПІКІР

  1. Ұлттық валюта Тәуелсіздіктің айқын бейнесі тақырыбындағы мақала ұнады. Жоғары сынып оқушыларына дәріс беруде пайдасы тиді. Төл теңгенің 25 жылдық мерекесімен Сіздерді құттықтаймыз. Мақаладан өзімізге қажетті тиімді деректер ала алдық.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз