Министр: енді Instagram-да лотерея ойнататындар жауапқа тартылады

0
213
Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова. Photo: mks.gov.kz

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қазақстандықтарға әлеуметтік желіде арнайы келісімшартсыз лотерея өткізуге тыйым салынатынын айтты.

5 қаңтарда мәжілісте лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

“Заң жобасы арқылы лотерея өткізу үшін белгілі бір мөлшерде ақша жинаған адам лоторея операторы немесе лоторея таратушысы болып саналады. Бірыңғай лоторея операторынан лицензия алмай, осындай лоторея өткізіп, пайда тапса, заң бұзған болып саналады. Шын мәнінде, бұл өте маңызды мәселе. Осыған дейін әкімшілік немесе басқа да жауапкершілік көзделмеген еді”, – деді мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәжілістің жалпы отырысында.

Министрдің айтуынша, енді заңсыз лотерея өткізетіндер жауапқа тартылады.

 “Бірінші рет заң бұзса, ескерту жасалады. Егер бір жыл ішінде бұған дейін ескерту алған адам тағы да лоторея ойнатса, оған әкімшілік айыппұл салынады. Жеке тұлғалар үшін бұл 200 АЕК (бір АЕК – 2651 теңге), шағын бизнес субьектілері мен коммерциялық емес бірлестіктер үшін 700 АЕК, орта бизнес үшін – 1000 АЕК, ірі бизнес үшін – 2000 АЕК. Міне, осындай жауапкершілік жүктегелі отырмыз”, – деді ол.

Қазақстанда 2017 жылы лотерея операторы болып “Сәтті жұлдыз” АҚ анықталған еді.

Райымқұлова әлеуметтік желілерде заңсыз лотерея өткізген әртістер мен блогерлер де жазасыз қалмайтынын атап өтті. Лотерея өткізу үшін міндетті түрде лотерея операторымен келісімшартқа отырып, “лотерея таратушы” болу керек.

“Мониторинг арқылы тексереміз. Депутаттардың ұсынысымен бұл заң бұзушылықтар үшін жауапкершілік артуы мүмкін”, – деді министр мәжіліс кулуарында.

Осы тұста ол лотереяны ұтыспен (розыгрыш) шатастырмауға кеңес берді. Заң бойынша Қазақстанда 18 жасқа толмаған азаматтарға лотереямен айналысуға және қатысуға тыйым салынған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз