Министрлік: 42 500 теңге тағайындалмаған азаматтардың өтініші қайта қаралады

0
87

Қазақстанда пандемияға байланысты енгізілген төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға берілетін “42 500 теңге” төлемі тағайындалмаған азаматтардың өтінішін қайта қарау тәртібі бекітілді. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Билік бастапқыда теріс жауап алғандар аудандық я қалалық штабқа төлемге лайық екенін растайтын құжаттар мен өтінішін өткізуі қажет екенін айтты. Өтінішті бұрынғыша не жұмыс беруші не үміткердің өзі тапсыра алады.

Төлемді тағайындауды не тағайындамауды Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) шешеді. Өтініші қанағаттанбаған үміткер облыстық штабқа жүгіне алады.

Үкімет 16 наурызда елде төтенше жағдай жариялағанда табысынан айырылғандарға 42 500 теңге көлемінде жәрдемақы берілетінін айтты. Ресми деректерге сәйкес, жәрдемақыға 8 миллион 32 мың адам өтініш өткізсе, төлемақы соның 4,5 миллионына тағайындалған.

Биліктің мәліметінше, жәрдемақыны беруге республикалық бюджеттен 193 млрд теңге бөлінген. Өтінішін 16 сәуірге дейін өткізгендер жәрдемақыны екінші айға да ала алады. Өтінішін аталған күнге дейін өткізгендер саны – 3 млн 735 мың адам.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз