Министрлік: жыл басынан бері ана мен баланы қолдауға 190 млрд теңге бөлінді

0
465
Photo: inform.kz

Осы жылдың қаңтар-сәуір аралығында балалы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету үшін республикалық бюджеттен және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) 190 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

111,5 мың адам (жалпы сомасы 13 млрд теңге) бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақыны, ал сәуірде осындай төлемді 31,4 мың адам (3,7 млрд теңге) алған.

Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақыны орта есеппен 139,9 мың адам алған, оларға 11,9 млрд теңге төленген. Сәуір айында бұл жәрдемақыны 140,7 мың адам алған (3,1 млрд теңге).

“Алтын алқа”, “Күміс алқа” иелері немесе бұрын “Батыр ана” атағын алған, I және II дәрежелі “Ана даңқы” ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға төленетін ай сайынғы жәрдемақыны орта есеппен 233,9 мың әйел алған. Сәуір айында 234,5 мың адамға 4 млрд теңге төленген.

4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға арналған жәрдемақымен орта есеппен 384,9 мың отбасы қамтылған(жалпы сомасы 73,5 млрд теңге), сәуір айында 396,5 мың адам жәрдемақы алған (19 млрд теңге).

Мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдарға төленетін жәрдемақыны 88,4 мың адам (жалпы сомасы 15,8 млрд теңге) алған, сәуір айында 90 мың адамға 4,1 млрд теңге төленген.

18 жастан асқан бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасау бойынша ай сайынғы жаңа жәрдемақыны орта есеппен 14,4 мың адам алады, оларға 2,6 млрд теңге төленген, сәуірде 14,6 мың адамға 644,9 млн теңге төленген.

Болашақ ана босануға толық дайын болуы үшін 2008 жылдан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы жұмыс істейтін әйелдер жүктілік және босану үшін біржолғы төлем алады. 2020 жылы оны жалпы сомасы 25,9 млрд теңгеге 61,7 мың адам алды. Сәуір айында төлемді 4,9 млрд теңге сомасына 9,8 мың адам алған.

МӘСҚ-тан бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы жүргізіледі. Осы жылдың қаңтар-сәуір айларында оны 31,1 млрд теңгеге 273 мың адам, сәуір айында 7,8 млрд теңгеге 218,4 мың адам алған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз