Қазақстандық стартап Сингапур арқылы жаһандық нарыққа жол тартты

0
202

Бүгін елордамыз Астанада орналасқан Назарбаев орталығында Қазақстанның ең үздік 6 стартапы таңдалды. Түрлі салада ерекше жоба ұсынған стартап иелері іріктеліп, Сингапурда өтетін Echelon Asia Summit байқауында бақ сынау мүмкіндігіне ие болды.

Ұйымдастырушылар бастапқыда “Smart Zholy” бағдарламасы аясында алдын ала іріктелген 10 стартаптың арасынан ең үздік 5-еуін таңдап алмақшы болған. Алайда «Қазақстандық стартаптардың жаһандық нарыққа қалай шығуына болады?» атты конференцияға қатысқан сингапурлық венчур инвесторлардан тұратын арнайы қазылар алқасы ең үздік 5 стартапқа тағы бір жобаны қосуды жөн көрді. Үздік деп танылған 6 стартаптың иесіне Оңтүстік-шығыс Азия елінде әлемнің ТОП-100 стартапын анықтайтын конкурсқа жолдама берілді.

Конференцияда сингапурлық венчур инвесторлар Джон Тан мен Тедиус Комен қатар Smart Zholy жобасының өтуіне қолдау білдірген «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы» қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев сөз сөйледі. Жұмабаев өз сөзінде “Smart Zholy” жобасының жас қазақстандық стартаптардың жаһандық деңгейге шығуына ерекше мүмкіндік беретінін айтты.

«Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыру барысында бағдарлама еліміздің стартап-экожүйесіне оң ықпалын тигізіп, аса өзекті болып келеді», – деді ҚР Тұңғыш Президенті Қорының атқарушы директоры.

“Smart Zholy” жобасының ұйымдастырушылары ең үздік стартапшылардың есімін жарияламас бұрын Назарбаев орталығында конференцияның қорытынды бөлімін өткізді. Спикерлер ақпараттық технологиялар саласындағы қазақстандық стартаптардың әлеуеті және әлемде осы салада болып жатқан өзгерістер туралы сөз қозғады. Сингапурлық венчур инвесторлар адами капиталдың өз құнын ешқашан жоғалтпайтынына назар аударды. Қонақтар Қазақстанда дарындыларға үлкен қолдау көрсетіліп отырғанын атай келе, 2030 жылға қарай еліміздің бұл салада жоғары нәтижелер көрсететіне сенім білдірді.

Ал 100-ге жуық инновация жобасы қатысқан “Smart Zholy” бағдарламасының жеңімпаздары болып танылған алты команда: “Nommi” – Алена Ткаченко мен Назым Ысқақова; “Game of Drones” – Абылайxан Жақанов, Дәрібай Аманжол мен Ебенбай Ердос; “Okauto” – Шайxислам Әли Асылxанұлы, Дамир Омаров, Әлімжан Әбуов пен Аян Еңбекбай; “AILabs” – Әнуар Шарафудинов, Бағдат Мырзаxметов пен Рүстем Тақxанов; “Neupusti” – Фарангиза Шукашева, Дияр Шырымбек пен Дина Мұқашева; “KazMotors” – Дамир Токубаев, Әділ Нұрсан, Әбдіқали Қорабаев пен Қуандық Нұрпейісов.

Аталған стартаптар автомобиль жүргізушілеріне арналған қызметтер, жасанды интеллект саласындағы бағдарламалар, білім беру, киберспорт пен туризмді қамтиды.

Жеңімпаздарды құттықтауға Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев арнайы келді. Қазақстанда ақпараттық теxнологияларды дамыту шараларына ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтқан Абаев осыған мысал ретінде «Цифрлық Қазақстан» атты арнайы мемлекеттік бағдарламаның қабылданғанын алға тартты.

Абаевтың айтуынша, “Smart Zholy” жобасына қатысқан жастар цифрландыру саласындағы мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асуына күш жұмсайды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз