Шомылу сақтықты қажет етеді

0
10

Биыл суға шомылу маусымы басталғалы еліміздің су айдындарында 154 адам, оның ішінде 58 бала суға батып кетті. Бұл жөнінде арнайы ұйымдастырылған брифингте Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл 154 адам­ның 141-і (оның ішінде 53 бала) суға түсуге жабдықталмаған орындар­да, 13 адам (оның ішінде 5 бала) жабдықталған орындарда суға кеткен.
Комитет төрағасы адамдардың қаза болуының негізгі себептері ретінде суға шомылу кезінде өз күштерін жете бағаламау, балаларды ересек адамдардың қарауынсыз қалдыру, 17 адам мас күйінде суға батып, 2 бала жүзе алмау салдарынан қайтыс болғанын атап өтті.
– Өткен жылмен салыстырғанда суға кеткен адамдар санының өсуі Ақмола (+12), Алматы (+9), Батыс Қазақстан (+9), Түркістан (+7), Қос­танай (+6) облыстарында бай­қалады. Мәселен, 8-14 шілде ара­лы­ғында еліміздің су айдындарын­да 61 адам, оның ішінде 22 бала суға кетті. Ал өткен демалыс күн­дері, яғни 13-14 шілде күндері елі­міз­дің су айдындарында 22 адам (оның ішінде 7 бала) қаза бол­ды, олар суға шомылу кезінде жабдық­тал­маған жерде және суару арналарында суға батып кетті, – деді В.Беккер. 
Ресми мәліметке қарағанда, елімізде халықтың шомылуы, демалуы және балық аулауы үшін пайдаланылатын 50 мыңнан астам су қоймасы бар.
Су айдындарын және судағы демалыс орындарын қамтуды арттыру үшін ТЖК аумақтық бөлім­ше­лері жыл сайын құтқарушы-жасақ­шыларды ақысыз негізде оқыту­ды жүзеге асырып келеді. Биыл 880 құтқарушы-жасақшы­лар дайындықтан өткен, олардың есебі­нен жеке демалыс аймақ­та­рында 335 объектілік құтқару бекеті құрылған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз