Жүргізушілердің құжатсыз жүруіне рұқсат берілмек

0
207
Photo: Azattyq-ruhy.kz

Қазақстандық жүргізушілерге өзімен бірге тек жеке куәлігін алып жүруге рұқсат етілуі мүмкін. Жол сақшылары автокөлікке қатысты қалған құжаттарды талап етпейді. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді.

“Біз жүргізушілерді құқық белгілеуші құжаттарды өзімен бірге алып жүруді міндеттемейтін норма енгізгіміз келеді. Жеке куәлік жеткілікті. Өйткені соның көмегімен біз планшет арқылы оның қандай көлігі барын, сақтандыру полисі қашан аяқталатынын, техникалық бақылаудан қашан өткенін, айыппұлы бар-жоғын тексере аламыз. Бір бума қағазды тасудың не қажеті бар, бір ғана куәлік жетеді”, – деді ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәжіліс отырысында.

Министрдің сөзіне қарағанда, полицейлердің планшеті көшедегі бейнебақылау камераларымен интеграцияланады.

“Байқасаңыздар, қазір нөмір белгісін тақпаған автокөлік жоқтың қасы. Себебі нөмірі жоқ көлікті байқаған камера бірден сигнал береді. Осыдан кейін патрульдік полиция жолға шығып, автокөлікті тоқтатады. Министрлік базасында көліктің түр-түсі, нөмірі – бәрі тіркелген. Яғни, біз көлік ұрлау оқиғаларын барынша азайтуға тырысып жатырмыз”, – деді ІІМ басшысы.

Министр Тұрғымбаев жүргізушілер Қазақстан аумағынан шыққан кезде, барлық құжатты өзімен бірге алып жүруі тиіс екенін атап өтті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз