Жан жүрегім – Астана – Жүректен шыққан туынды

1
235

Шүкір Шахай – қазақ фотожурналистикасының белді өкілі, бұл саладағы аға буынның көзі, туындылары Тәуелсіздіктің құрдасы. Еңбек жолын қатардағы аудандық газетте фототілші болып бастаған. Қазақстанның фото журналистикасына сіңірген еңбегі үшін “ФОТОӨНЕР Қайраткері” медальімен және Қазақстан Республикасының Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған Шүкір ағаның бүгінде тағы бір тың туындысы “Жан жүрегім – Астана” атты фотоальбомы жарық көрді. Қазақ фотожурналистикасының жанашыры Шүкір Шақаймен сұхбатымызды жақында ғана жарық көрген “Жан жүрегім – Астана” атты фотоальбомынан бастадық.

– Фотоальбомды шығару туралы идея неден туындады?

Өзім сүйіп айналысатын жұмысым болғандықтан қолым бос кезде балаларыммен бірге қаланы аралап жүріп суретке түсіретінмін. 2002 жылдан бастап Астанада құрылыстар қарқынды жүргізіле бастады. Құрылыс нысандарын, қаланың қақ ортасында шалқая жатқан саяжайларды суретке түсіріп жүрген уақыттарымда дамудың алғашқы қадамынынан-ақ адымдап басып келе жатқан қаланы болашаққа паш етсем, өскелең ұрпаққа көрсетсем, бұрынғы халі мен қазіргі әсем жүзін халқына табыс етсем деген аманат арман мен мақсат пайда болды. Сол арманды жүзеге асырсам деген ой жадымда қалып қойса керек. Астана қазіргі әсем әрі дамыған қалалардың қатарына еніп аспаннан салбырап түсе қалған жоқ, рас қой! Расында бұл кітапты шығару қаланың бұрынғы ұсқынсыздау халі мен қазіргі келбетін салыстыру болды. Жас ұрпақ құндылығымызды, Тәуелсіздігімізді, ел үшін төккен терді, елім жерім дегендердің тілегін ұмытпаса деген ниет болды.

Премьер-министр Даниял Кенжетайұлы әр сенбіде осы құрылыс нысандарын аралайтын, кітаптағы суреттердің көпшілігі сол сәттерде түсірілген. Келешекте қажеті туындап қалар деген үмітпен суретке түсіре беретінмін. Бүгін міне соның пайдасы тиді!

– Кітаптың жарыққа шығуына қанша уақыт кетті?

Астанаға тарту етілген “Жан жүрегім-Астана” фотоальбомы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, нақтырақ айтқанда Арыстанбек Мұхамедиұлының қолдауымен Астананың 20 жылдығы қарсаңында шығарылды.

Бұл фотоальбомды жазу көптен ойымда жүрген болатын. Міне сәті туды кітап жарық көрді. Астанадағы “Сарыарқа” баспасының дизайн орталығында жинақталып, қайта тексерістен өткізіп Алматы қаласындағы “Атамұра” баспасында басып шығарылды.

Кітаптың ішіндегі жалпы суреттер 1996 жылдан бастап түсіріле бастады. Алғаш рет сол жылы елорда Астанаға көшіріледі деген кезде жұмыс сапармен осында (Астанаға) келген сәтім болатын. Ол кез Астанада құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан уақыт. Кітап сол кездердегі қызығушылықпен түсірген суреттерден басталады. Ұзақ жылдар бойғы қызығушылықпен, қызмет барысында түсірілген суреттерді қайта жинақтап, тексерістен өткізіп, баспадан шығаруға шамамен төрт айға жуық уақыт кетті.

– Фотоальбомдағы ең ыстық, ең құнды суретіңіз қайсы?

Жалпы бөле жармаймын. Әрбір суретім қымбат. Мұнда ұстанатын басты қағиданы ескергім келеді. Жақсы туынды шығару үшін ауа райы, уақыт сәйкес келу керек. Мына сәтте суретке түсіре қаламын деп шығып, қолдағы аппаратыңыздың тетігін баса салсам керемет туынды пайда бола қалады десеңіз қателесесіз. Мәселен, осы жылы жазды немерелеріммен жаңбырлы күні серуендеп жүріп “Бәйтеректің” жанында найзағайдың суретін түсірдім. Тап сол суретті шығару үшін екі сағаттан аса уақыт жоғалттым. Табиғат құбылыстары өзіңіз білетіндей жылдам өте шығады. Найзағай мені түсір деп қарап тұрмайды, міне бұл сала шапшаңдық пен шеберлікті қажет етеді.

Фото: Шүкір Шахай

–  Суреттеріңіз жиі ұрланады ма?

Өте көп қолды болады. Газет немесе интернет сайттарда, журналдарға қаптап жүргенін көремін, оларға ескерту жасамаймын, елдің игілігі ғой мейлі пайдалансын! Дегенмен, кейде кітап беттерінен көріп, бірнеше рет баспаға қоңырау шалып ескерткенім бар. Заң жүзінде сотқа шағымдана алатынымды білген олар қаламақымды төлеген кездер де болды. Авторлық суреттерімді рұқсатсыз пайдаға жаратып жүргендер баршылық қой… мен әлі күнге дейін байқамағаным қаншама?!

Бүгінгі қазақ фотожурналистикасының дамуына теріс ықпал ететін әттеген-ай, дейтін тұстардың бірі де осы авторлық құқықтың бағаланбауындап жатыр. Мен алдыңғы толқын ағалармен бірге жұмыс істедім. Газеттегі фотожурналистер елде болатын шараларға бөлісіп баратынбыз. Дендербай ағам (Дендербай Егізов), Сиез Бәсікбеков, Рахымбай Ханалиев, Қайрат Мұстафин, Нұрқожа Жұбанов бәріміз бірге қатысқан шаралардан түсірілген суреттерді талқылап, қателігімізден сабақ алатынбыз. Арасында керемет түсірілген суреттер болса өзім түсіргендей қуанатынбыз. Мен бұл қызметтегі алғашқы жылдарымда суретті фотопленкамен түсіретінбіз. Кейін цифровой фотоаппараттқа көштік. Бүгінгі техника қарқынды дамып келеді, оның пайдасын адамзат көріп те отыр ғой… Осы техникасы дамыған заманның бір осал тұсын айтайын, адаммен қарым-қатынас, тәжірибие алмасу деген қалды. Тағы айтарым, бүгінде елдің бәрі фотограф. Қолдағы телефонмен-ақ суретке түсіре береді. Дегенмен, мұның барлығы кәсібилікке жетпейді!

Шүкір Шахай 1966 жылы 13 маусымда Оңтүстік өңірде дүниеге келген. Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай қаласындағы Сырдария университетін, Шымкент қаласындағы Қазақ гуманитарлық заң университетін тамамдаған. Еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал аудандық «Комунистік еңбек» газетінде фотожурналист болып бастаған. Одан кейін 1990 жылы республикалық «Халық кеңесі», 1990-1996 жылдары жалпыұлттық «Егемен Қазақстан» газетінде фототілші болып қызмет атқарған.

Сондай-ақ республикалық «Жас Алаш», халықаралық «Түркістан» газетінде де жұмыс істеді. 2002 жылдан бері Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің фотографы болып қызмет атқарып келеді. Ол бүгінге дейін “Қазақстан”, “Қасым Қайсенов”, “Роза Рымбаева”, “Түркістан”, “Қазақтың киіз үйі”, “Мақтаарал”, “Жер жәннаты Жетісай”, “Шежірелі Шардара”, “Тәуелсіздік: Қас- қағым сәт”, “Елбасы мәртебесі-Ел мәртебесі”, “Астана: Қас- “Егемендік айнасы”, “Елдің Бағы”, “Құдайберген қағым сәт”, “Сұлтан баев”, “Тәуелсіздік” атты фотоалбомьдарын жарыққа шығарған.

«Астанаға – 10 жыл», «Тәуелсіздікке – 20 жыл», «Конституцияға – 20 жыл» медальдарының және Қазақстан Республикасы президентінің Құрмет грамотасының иегері. Қазақстан Республикасы Журналистер одағының лауреаты.

Сұхбаттасқан kazaknews.kz тілшісі Жадыра Аманбайқызы

1 ПІКІР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз