Жол ережесін бұзған шетелдіктер айыппұл төлемей елден шығарылмайды

0
79

Қазақстан Мәжілісіне ел территориясында жол ережесін бұзған шетелдіктерге айппұлды міндетті түрде төлету туралы ұсыныс түсті. Сондай-ақ, төлемеген жағдайда елден шығармау талап етілді. Кеше Мәжілісте өткен жалпы отырыста бұл туралы Ішкі істер вице-министрі Берік Бисенқұлов мәлімдеді.

«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Асылбек Смагұлов Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Шекара қызметі өкілдеріне ел аумағында жол ережесін бұзған шетелдіктерге қатысты сұрақ қойды.

«Биыл біз қыркүйек айында Шығыс Қазақстан облысында осындай проблема болғанын білеміз. Елімізде көршілес елдердің мемлектеттік нөмірімен жүретін автомобиль жүргізушілері Қазақстанда жол ережелерін бұзып, жылдамдық өлшейтін құралдарға түсіп қалады. Бірақ олар сол құралдарға түссе де, жазаланбай құтылып кетеді. Мәселен, бір автомобиль жылдамдық өлшеу құралдарына 22 рет түсіп, оған салынған айыппұлдардың көлемі жарты ммиллион теңгеден асып кетсе де, оған ешқандай жаза қолданылмаған. Әрине, оған осындай автомобильдердің Ішкі істер органдары базасында тіркелмегені себеп. Дегенмен айыппұлдар өндірілмей, ал құқық бұзушылар жазаланбай қалғанын айтпағанның өзінде, бүгінгі күнде жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі бізді толғандырып отыр. Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Әкімшілік кодекс пен басқа да заңдарға осындай ережені жиі бұзатын көліктер Қазақстанның мемлекеттік шекарасынан өткен кезде, сол жүргізушілерге айыппұл төлеу қажеттігі туралы хабарлама беру мүмкіндігін қарастыратын өзгерістерді енгізуді қажет деп санай ма?»

, – деп сұрады депутат.

Сауалға қолдау білдірген Ішкі істер вице-министрі Берік Бисенқұлов:

«Құқық бұзушылыққа жол берген шетелдіктерге тоқталсақ, шетел азаматтары  елдің аумағынан шығатын кезде оларды тоқтатуға қатысты Шекара қызметіне тиісті өкілеттікті беруді ұсынамыз. Сонымен қатар, бізде олардың ақпараттық жүйесімен интеграцияланудың техникалық мүмкіндік бар. Құқық бұзушылық бойынша біздегі (полициядағы) ақпараттық база автоматты түрде Шекара қызметінің жүйесіне мәлімет бере алар еді, бұл ретте шекарада ескерту жасау шараларын ұйымдастыруға болады. Сонымен бірге, әкімшілік айппұлды төлегенге дейін шетелдіктердің елдің аумағынан шығуына заңнамалық түрде тыйым салуды енгізу бойынша мәселені қарастыруды да ұсынамыз»

, – деп жауап қайырды.


Осы ретте құқық бұзушылыққа жол беретін шетелдік номерлермен жүрген жүргізушілердің көбінің Қазақстан азаматы екенін айта кеткен жөн.


 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз