Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 50 миллионнан асты

0
120

Коронавирус пандемиясы басталғалы бері әлемде коронавирус жұқтырғандар 50 миллионнан асты. Бұл туралы америкалық Джонс Хопкинс университеті хабарлады.

Жалпы науқастың бестен бір бөлігі немесе 10 млн науқас АҚШ-та тіркелген. Бұл әлем бойынша ең жоғары көрсеткіш. Екінші орында тұрған Үндістанда ресми мәлімет бойынша, 8,5 млн адамнан коронавирус анықталған. Бразилияда 5,6 млн адам коронавирусқа шалдыққан. Ресей мен Францияның әрқайсысында шамамен 1 млн 750 мың науқас тіркелген. Адам басына шаққанда Андоррада науқастар көп. Онда халықтың 7 пайыздан астамы коронавируспен ауырған.

Әлемде коронавирустан қайтыс болғандар 1 миллион 250 мыңға жетті. Коронавирус жұқтырғандардың орташа есеппен алғанда шамамен 2,5 пайызы қайтыс болған.

Ресейде ресми мәлімет бойынша, коронавирус 30 мыңнан астам адамның өліміне себепші болған. Бірақ бұл статистикаға коронавируспен байланысты барлық адам өлімі енгізілмеген. Арнайы комиссия кейбір науқастардың коронавирустан емес, ілеспе аурудан қайтыс болғанын айтады.

Қазір Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 156 мыңнан асады, 39 мыңнан астамы коронавирус пневмониясына шалдыққан. Бірақ Қазақстанның Covid статикасына коронавирус пневмониясына шалдыққандар енгізілмеген, сол себепті халықаралық ұйымдар, оның ішінде Джонс Хопкинс университеті Қазақстандағы коронавирус ахуалын көрсеткенде азайтылып көрсеткен ресми мәліметке сүйеніп жүр. Оған сәйкес, Қазақстан коронавирус жұқтырғандар саны жағынан әлемде 46-орында тұр. Ал коронавирус пневмониясына шалдыққандарды қосқанда 37 орында тұрушы еді.

Әлемде 35 миллионнан астам адам коронавирустан жазылған, қазір шамамен 14 миллион адам емделіп жатыр. Бұл мәлімет тек ресми ақпаратқа негізделгендіктен толымсыз, дәл болмауы мүмкін. Ал жабық мемлекеттердегі ресми мәліметке сарапшылар күмәнмен қарайды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз