Арыстанбек Мұхамедиұлы Димаш пен Данэлияға қолдау білдірді

0
97
дереккөзден

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Димаш пен Данэлияны зор болашақ күтеді деп есептейді. Қос талант турасындағы пікірімен министр өзінің Facebook парақшасында бөлісті.

Атап өтерлігі АҚШ-та The World’s best халықаралық таланттар шоуы өтуде. Шоуда қазақстандық әнші Димаш Құдайберген мен Данэлия Тулешова бақ сынауда.

“Димаш Құдайбергеннің алты октавалы дауысы – шынымен де бірегей құбылыс. Димашты алғаш рет естіп, оның ғажап дарын екенін түсінген сәт әлі есімде.
Қазіргі таңда Димашқа жететін әнші жоқ, оның вокал конкурстарына қатысуы – басқалардың мүмкіндіктерін көріп, сахналық дағды қалыптастыру жолындағы әншілік тәжірибе кезеңдері. Сол себепті біз оның осы конкурсқа қатысуына атсалыстық.

12 жасар Данэлия Тулешова да өзінің вокалдық қабілетімен таңқалдыруда. Оның таланты өзімен бірге өсіп келе жатыр десе де болады. Әлі балғын бала болса да, Данэлия үлкен сахнаға жасқанбай шығып, тыңдарманды аузына қаратып, көзінен жас шығарып, әсер ете шырқайды. Қыздарының ерекше дарынын дамытуға барын салып жүрген Данэлияның ата-анасына алғысым зор. Конкурста оның дауысын феномен деп жатыр, бұл шынымен де солай”,- деп жазды министр Мұхамедиұлы.

Қазылар алқасының дауыс беру қорытындысы бойынша мүмкін болған 100 ұпайдың Димаш Құдайберген 98 еншілесе, Данэлия Тулешова 96 ұпай алды.

“Кез келген конкурс қатысушылар үшін стресс екені белгілі. Біздің дарындарымыз қандай нәтижемен оралса да, олар біз үшін The World’s best болып қала бермек, достарым. Димаш өзін әлемге мойындатып жүр, ал жас талант, жұлдызымыз Данэлияны зор болашақ күтіп тұр! Алтындарым, біз сендерді бағалаймыз, жақсы көреміз! Жолдарың болсын! Тек қана алға!”, – деп қолдау білдірді министр.

 

Safina Said

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз