Франциялық фотосуретші Семей полигоны туралы көрме ұйымдастырды

0
18
Фотограф Эрика Ваззолердің көрмесі. Қарағанды. 16 мамыр, 2019 жыл.

16 мамыр күні Қарағандыда франциялық фотограф Эрик Ваззолердің “Саржалдың нұрлы жастары” (“Лучезарная молодежь Саржала”) атты көрмесі ашылды. 

Азаттық сайтының хабарлауынша, фотосуретшіні көрермен “әлеуметтік фотографияның шебері” деп атайды. Ол Семей полигоны маңындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен Саржалда бір ай тұрып, жастарын бақылаған.

Фотосуретшінің сөзінше, елдімекен қиын жағдайда: климаты қолайсыз, топырағы құнарсыз және балалар интернетке кіре алмайды.

– Саржалға келгенде онда не бар екенін білмедім. Бала көп. Ересек балалармен полигон туралы сөйлесу қызық болды. Жастармен әңгімелескенде өксік бары байқалады. “Полигонның балалары” деген таңба оларға кедергі. Бұл жаңа буын ғой. Полигон оларға плюс емес, минус. Денсаулықтары жақсырақ деп үміттенем. Олар Саржалда полигоннан басқа түк жоқ деп айтылғанын қаламайды. Көрме жалғасады. Ол жаққа жазда қайта барам. Полигон мен қоршаған ортаны көрсеткім келеді, – деді Эрик Ваззолер.

Фотосуретшінің еңбектері “Экомузейдің” экспозиция залына қойылған. Көрмеде 2019 жылдың ақпан-наурыз айларында түсірілген 35 фото картина көпшілік назарына ұсынылған.

Экспозицияға өзге де экологтардың суреттері қойылды. Экологтар полигон аумағы қоршалмағанын, қауіпті аймақ екенін білдіретін арнайы ескерту тақтайшалары қойылмағанын, мал кедергісіз кіріп, жайыла беретінін айтады.

Қарағандыдағы экологиялық мұражайда Семей полигонына байланысты көрме жиі ұйымдастырылады.

1953 жылы Совет одағы Семей полигонында дүние жүзіндегі алғашқы термоядролық (сутегі) бомбасын сынақтан өткізді. Мұнда 400-ден астам ядролық жарылыс (олардың 116-сы жер бетінде) жасалды. Полигон 1991 жылы жабылды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз