Танымал түрік режиссері “Қазақфильмге” ұсыныс жасады

0
51

Түрік кинематографистері Алматыда желтоқсанның 23-27 аралығында өтіп жатқан «Түрік фильмдерінің апталығы» аясында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына келді.

Кездесу барысында екі елдің кино мамандары бірлескен жобаларды түсіру мүмкіндігін талқылады, деп жазады «Қазақфильм» баспасөз қызметі.
Түрік режиссері Өнер Кылыч апталық аясында түркі ұлттарының мәдениеті, мақсаты бір екенін алға тартып,
Қожа Ахмет Ясауи, Көроғлы, Қорқыт ата секілді ортақ тұлғаларды тілге тиек ете отырып, кинокартиналар түсіру ұсынысымен бөлісті.

«Қазақфильмнің» қызметкерлері түркиялық қонақтар – режиссер Өнер Кылычқа, продюсер Ахмет Едебалыға, режиссер Мұстафа Угур Яғджыоғлуға және журналист Бедір Ачарға территория бойынша экскурсия жасап, өндірістік мүмкіндіктерімен таныстырды. Кездесу соңында екі тарап болашақта бірлесіп түсіретін жобалардың сценарийлерімен алмасты.

Атап өтерлігі, «Қазақфильм» соңғы жылдары бюджет қаржысын үнемдеу және халықаралық прокатқа шығу мақсатында шетелдік әріптестерімен киноөндірісті қарқынды түрде дамытуда Сондай-ақ, жуырда ғана Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ресейлік «Первый канал» арнасының бас директоры Константин Эрнстпен кездесіп, екі бірдей жобаны ортақтасып жүзеге асыратыны туралы келісімге қелді. Аталмыш жобалардың бірі 1941-1945 жылдары Алматыда жұмыс істеген Бірлескен Орталық киностудия тарихын арқау етсе, екіншісі Қазақстанның жаңа астанасы – Астананың құрылуы жайында болмақ.

Сабина Сайлаубай

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз