Алматыда екі полицейді пышақтап кетті

0
63

Алматыда күдіктілерді ұстау барысында екі полицей жараланды. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

9 сәуірде Наурызбай аудандық полиция басқармасына ер адамнан арыз түскен. Арызы бойынша, ол Daewoo Nexia маркалы автокөлігін жалға алып, төлейтін ақшасын екі күнге кешіктірген. Сондықтан жалға алынған көліктің қожайыны бірнеше адаммен келіп, оны соққыға жыққан және екі ұялы телефонын тартып алған. Сонымен қатар, төлеуі тиіс 14 мың теңгенің орнына енді 40 мың беруін талап еткен.

Бұл арыз бойынша іс сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Қаскүнемдер арызданушы ақшаны беруі тиіс орынға төрт адам болып келген. Жоғарыда аталған қылмыс бойынша күдіктілерді ұстау барысында олар қарсылық көрсетіп, Наурызбай аудандық ПБ қылмыстық полиция бөлімінің жедел қызметкері, полиция аға лейтенанты А. Мұхиддиновтың иығына, ал полиция капитаны А. Қожаевтың кеуде қуысы мен санына пышақ салған. Екі полицей де шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, оларға ота жасалды.

Қазір жағдайлары тұрақты, өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ. Енді қылмысқа қатысушылар іздестіріліп жатыр. Екі күдікті ұсталған, тағы екеуі – іздеуде. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз