Арыстағы жарылыс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті

0
109
Photo: mod.gov.kz

14 мамыр күні Шымкент гарнизонының әскери сотында Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлім қоймасындағы жарылыс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Бұл туралы Шымкент гарнизонының әскери сотына сілтеме жасап Азаттық сайты хабарлады.

Қылмыстық іс материалдарына қарағанда, тергеу жарылыс себептеріне байланысты “№4486 әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында қауіпсіздік ережесі сақталмаған, оқ-дәрі шамадан тыс көп жиналған және өрт сөндіру жүйесімен қамтамасыз етілмеген” деген тұжырымға келген.

Сотқа айыпталушы ретінде 16 адам қатысқан. Арасында Арыс қаласындағы әскери бөлім қызметкерлері де, қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды офицерлері де бар. Айыпталушы алты адамға Нұр-Сұлтан қаласынан онлайн режимде қатысуға мүмкіндік берілген. Оларға Қылмыстық кодекстің 453-бабы (“Қызметке салғырт қарау”), 462-бабы (“Қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу”) бойынша түрлі айыптар тағылып, қылмыстық іс 448 томға жеткен.

Алдын ала тыңдау кезінде айыпталушылардың мәліметтері тіркеліп, процеске қатысушыларға сұрақ қойылған.

Шымкент гарнизоны әскери сотының хабарлауынша сот отырысы қашан басталатыны келесі аптада белгілі болуы мүмкін.

2019 жылы 24 маусымда Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасы жарылып, 3 адам қаза болып, ондаған адам жарақаттанған. Мыңдаған үйге зақым келіп, Арыстың 40 мыңнан астам тұрғыны Шымкент қаласы мен төңірегіндегі елдімекендерге эвакуацияланған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз