Қазақстан ҰҚШҰ-ға келер жылы төрағалық етеді

0
107

Минскіде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық сессиясы басталды.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, биылғы жылы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылғанына 25 жыл және ұйымның құрылғанына 15 жыл толады. Саммитке ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары өткен кезеңде Ұйым қызметінің нәтижелерін қорытындылауды, қысқа мерзімді жоспарларды белгілеуді, сондай-ақ әлемдегі және ҰҚШҰ-ның жауапкершілігіндегі жағдайларды талқылауды жоспарлап отыр деп хабарлайды Қазақпарат.

Сонымен қатар, қатысушы елдердің президенттері халықаралық және аймақтық қауіпсіздік, Корей түбегіндегі жағдай, Ауғанстан мен Сириядағы ахуал туралы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасады.

Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сондай-ақ 2025 жылға дейінгі Ұжымдық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру жөніндегі нақты шаралар жоспарын бекітеді, хатшылық пен ұйымның штаб-пәтерін реформалау туралы шешім қабылдайды. Ақпараттық жүйедегі киберқауіптер мен қатерлерге қарсы іс-қимылды нығайту мақсатында тараптар ақпараттық қауіпсіздік туралы келісімге қол қояды.

Минск саммитінің қорытындысы бойынша, ҰҚШҰ төрағалығы Қазақстан Республикасына өтеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалық етуінің басымдықтарын келер жылы ұсынуға ниетті, сонымен қатар ұйымды одан әрі дамытуға қатысты көзқарастар айқындалады.

ҰҚШҚ ҰҚК -ның келесі сессиясы 2018 жылы Қазақстанда өтеді.

Атап өтерлігі, Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі ұйымның жоғарғы органы болып саналады. Кеңес ұйым қызметінің негізгі мәселелерін қарастырады және оның мақсаттары мен міндеттерін іске асыруға бағытталған шешімдерді қабылдайды және осы мақсаттарға жету үшін мүше-мемлекеттердің үйлестіруін және бірлескен қызметін қамтамасыз етеді.

Кеңес мүше мемлекеттердің басшыларынан тұрады. Кеңестің отырыстарына Сыртқы істер министрлері, Қорғаныс министрлері, мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңесі хатшылары, ұйымның бас хатшысы, қатысушы мемлекеттердің өкілетті өкілдері қатыса алады.

ҰҚК-ның қазіргі құрамы: Армения президенті – Серж Саргсян, Беларусь президенті – Александр Лукашенко, Қазақстан президенті – Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғызстан президенті – Сооронбай Жээнбеков, Ресей президенті – Владимир Путин, Тәжікстан президенті – Эмомали Рахмон.

Сабина Сайлаубай

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз