Қазақстан Өзбекстанға наразылық нотасын жолдайды

0
91
Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Өргебас ауылы. Photo: twitter/@torokul

Қазақстан Өзбекстанға нота жолдап, Түркістан облысының 10 ауылын суға кетірген Сардоба су қоймасындағы апат жайлы толық ақпарат беруді талап етеді. Бұл туралы қазақстандық БАҚ-қа экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов айтқан.

Сергей Громовтың сөзінше, Қазақстан да, Өзбекстан да мүше болып саналатын халықаралық келісім нормалары бойынша, шекара бойындағы суға салынатын гидротехникалық құрылыс жайлы шектес мемлекеттерге хабар алысып, өзара келісілуі тиіс. Ал Сардоба су қоймасы Қазақстанның келісімінсіз салынған.

Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов. Photo: inbusiness.kz

– Бізбен келісілген жоқ. Өзбек тарапына бірнеше рет ескертсек те өте қасаң ақпараттар алдық. Бүгін нота әзірледік, сыртқы істер министрлігі арқылы Өзбекстанға жіберілетін нотада шекара бойындағы Сырдария алабына салынған нысандардың толық тізімін сұрадық, – дейді экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов.

Сергей Громовтің сөзінше, “Қазақстан Сардоба су қоймасын ішінара қалпына келтіруге қарсы емес, толығымен қалпына келтіруге қарсы”.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев. Photo: sn.kz

Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев таратқан ақпаратқа қарағанда, Өзбекстандағы су қоймасының апаты салдарынан Түркістан облысының Мақтарал ауданында 845 үй, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медицина ғимараты мен мәдениет үйі және 54,7 км көпір мен жолды су алған. Мұнан өзге 7639 га егістік су астында қалған.

Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының 10 ауылын су алып, 22 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды деп мәлімдеген болатын.

1 мамырда Мақтарал ауданына жақын Өзбекстанда Сардоба су қоймасы жарылып, айналасындағы ауылдарды су алған. Ертеңіне Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы бірнеше ауылға тасқын су кіріп, ауданда төтенше жағдай жарияланған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз